Қазақстанның беделін нығайтты: дипломатиядағы танымал әйелдер

АСТАНА. KAZINFORM – Халықаралық әйелдер күнінде сыртқы саясат қызметіндегі белгілі дипломат-әйелдер, сондай-ақ елімізді әлемнің түкпір-түкпірінде танытып жүрген нәзік жанды дипломаттар туралы әңгімелеп беруді жөн көрдік.

дипломатия
Фото: Pexels

Қазақстандық дипломатияның қалыптасуы мен даму жолын гендерлік теңдік тұрғысынан бірегей деп санауға болады. Шынында да, барлық уақытта өз мемлекеттерінің сыртқы саяси мәселелерін әйелдерге жүргізуге сеніп тапсырған елдер көп болған жоқ. Бүгінгі таңда сыртқы істер министрлері арасында олардың саны 25 пайыздан аспайды. Кеңес дәуірінде мұндай прецеденттер сирек болды. Олардың қатарында 1966 жылы Қазақ КСР Сыртқы істер министрі Балжан Бөлтірікованың тағайындалуы бар. Ол БҰҰ трибунасына көтерілген алғашқы қазақ қызы ретінде, Бас Ассамблея сессиясында кеңестік дипломаттар делегациясының мүшесі ретінде тарихқа енді.

- Б.Бөлтірікованың жарқын мансабы өзін дипломатиялық салада жүзеге асыруға ұмтылған көптеген қазақстандық әйелдер мен қыздарды шабыттандырды десек артық айтқандық емес. Кейінгі жылдары социалистік Қазақстандағы дипломат әйелдердің пайызы жоғары болмағанына қарамастан, оларға жауапты лауазымдар сеніп тапсырылды. Ал 20 жылдан астам уақыт өткен соң, яғни 1989 жылы Елші Ақмарал Арыстанбекова Қазақ КСР-інде Сыртқы істер министрі болды. Қазақстанның Тәуелсіздік алу кезеңі жаһандық сыртқы саяси үдерістердің тарихы үшін гендерлік теңдікті теңестіру фактісімен ерекшеленді: Қазақстан БҰҰ-ға кірген сәттен бастап жалпы 33 жылдың ішінде 17 жыл бойы еліміздің атынан осы беделді халықаралық ұйымда әйелдер өкілдік етті. Осылайша, БҰҰ жанындағы Қазақстанның алғашқы тұрақты өкілі ретінде осы лауазымды жеті жыл атқарған Елші А. Арыстанбекова болды. Ол сол кезде БҰҰ-ға кірген 176 мемлекет арасында төртінші әйел елші болды, - делінген ҚР Сыртқы істер министрлігінің мәліметінде.

БҰҰ-ның түрлі алаңдарында халықаралық құқық, адам құқықтары, қауіпсіздік пен бейбітшілікті нығайту жөніндегі маңызды бастамалармен сөз сөйлеген Ақмарал Хайдарқызы біздің жас тәуелсіз мемлекетіміздің халықаралық беделін қалыптастыруға елеулі үлес қосты.

Атап айтқанда, А.Арыстанбекованың БҰҰ жанындағы Қазақстанның тұрақты өкілі ретіндегі мұрагері Мәдина Жарбосынова болды. Оның осы лауазымдағы қызметі 1999-2003 жылдар аралығында Қазақстанның түрлі салалардағы, әсіресе әйелдер мен балалардың құқықтарын қорғаудағы көпжақты ынтымақтастығын кеңейтіп, жандандырды. 2025-2028 жылдары М. Жарбосынова әйелдерге қатысты кемсітушіліктің барлық формаларын жою жөніндегі БҰҰ Комитетінің (CEDAW) мүшесі ретінде өз қызметін халықаралық деңгейде жалғастырады.

Тағы бір танымал әйел-дипломат – Елші Бірғаным Әйтімова 2007 жылдан 2013 жылға дейін Қазақстанның БҰҰ жанындағы тұрақты өкілі стратегиялық лауазымын атқарды. Оның жұмысы еліміздің бейбітшілікті, қауіпсіздікті, гендерлік теңдікті және тұрақты дамуды қамтамасыз етудегі рөлін күшейтуге ықпал етті. Оның жаһандық халықаралық күн тәртібіндегі көптеген мәселелер бойынша белсенді ұстанымы БҰҰ қызметінің қағидаттары мен халықаралық құқықты ұстанатын ел ретіндегі Қазақстанның беделін нығайтты.

- Бейбітшілік пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселелерінің әлемдік қоғамдастық үшін өзектілігінің артуы қазақстандық дипломат әйелдер мен әскери байқаушы әйелдердің БҰҰ бітімгершілік үдерістері мен миссияларына үлкен деңгейде қатысуына әкелді. Бұдан басқа, дипломат әйелдердің әлеуеті БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің Бейбітшілік және әйелдер қауіпсіздігі мәселелері жөніндегі 1325-қарарын орындау жөніндегі Ұлттық іс-қимыл жоспарын іске асыруға бағытталатын болады. Қазақстан Парламенті Мәжілісінің Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрағасы Айгүл Құспан қазақстандық дипломатияның тағы бір көрнекті өкілі ретінде белгілі. А. Құспан – бұл комитетті басқарған алғашқы әйел екенін атап өткен жөн. Мұндай жоғары сенім оған дипломат мансабындағы көп жылдық тәжірибесінің арқасында берілді. Ол Қазақстанның Бельгиядағы елшісі, ЕО және НАТО жанындағы өкілдіктің басшысы болып жұмыс істеді. Оның дипломатиялық топтардағы кәсібилігі мен беделі Қазақстан Республикасының, сондай-ақ шет мемлекеттердің мемлекеттік наградаларымен жоғары бағаланған. 2001 жылы А. Құспанға Люксембург Ұлы Герцогтігінің Мемлекеттік сыйлығы – «Емен тәжі» ордені берілді, - деп аталып өткен ҚР Сыртқы істер министрлігі ақпаратында.

БҰҰ-дан басқа, Қазақстанның әйел дипломаттары басқа халықаралық ұйымдарда белсенді жұмыс істеді. Мысалы, Елші Жанар Айтжанова Қазақстанның Дүниежүзілік сауда ұйымы мен халықаралық ұйымдардағы өкілі болды. Оның қызметтік тізімінде Қазақстанның Еуропа одағындағы және Бельгиядағы, сондай-ақ басқа да елдердегі дипломатиялық жұмысынан басқа – Қазақстанның Экономикалық интеграция істері жөніндегі министрі, Экономикалық даму және сауда министрі лауазымдары бар. Әрине, оның бай тәжірибесі Қазақстанның сыртқы экономикалық байланыстарын нығайтуға ықпал етті.

Қазіргі кезде Қазақстан Сыртқы істер министрлігі құрылымында дипломат әйелдердің шамамен 22 пайызы жоғары лауазымдарға ие және одан әрі мансаптық өсу үшін үлкен әлеуеті бар. Сонымен қатар, жыл сайын олардың саны артып келеді. Бұл ұлттық дипломатиядағы әйелдердің көбеюіне және ықпалының артуына негіз болмақ.

2022 жылдан бастап 24 маусымда Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас Ассамблеясының бастамасы бойынша Халықаралық дипломатиядағы әйелдер күні атап өтіледі. 

Бұл күн әйелдер көшбасшылығын айқын көрсетуге, дипломатиялық саладағы жетістіктерін мойындауға және шешімдер қабылдау мен саяси өмірдің барлық салаларында әйелдердің толық және тең қатысуына қол жеткізу үшін әлі де қажет жолды көрсетуге бағытталған.

Соңғы жаңалықтар