Қазақстанның экономикалық өсімі қарқынды дамып келеді — талдау
АСТАНА. KAZINFORM — Ұлттық статистика бюросының алдын ала деректеріне сәйкес, 2025 жылғы қаңтар–сәуір аралығында елдің нақты ЖІӨ-сі 6%-ға өсті. Бұл көрсеткіш қаңтар–наурыздағы (5,6%) өсімнен жоғары және өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда (3,4%) екі есе жуық артты. Толығырақ экономикалық талдауды ranking.kz ресурсы ұсынады.

Нақты сектор: өнеркәсіп пен құрылыс басты рөлде
Тауар өндіру көлемі 7,5%-ға артып, экономиканың негізгі қозғаушы күшіне айналды. Өнеркәсіп өндірісі 6,4%-ға өсті, оның ішінде өңдеу өнеркәсібінің өсімі — 7,2%.
Өндірісі артқан өнімдер қатарында күнбағыс майы, ұн, қант, күріш, табиғи уран, бензин, дизель отыны, тауарлық бетон, тыңайтқыштар, болат, шойын, жалпақ прокат, жүк вагондары, дизель және теміржол локомотивтері бар.
Тау-кен өнеркәсібінің өсімі 7,1%-ға жетті (бірінші тоқсанда — 6,1%), бұл мұнай өндірудің (8,8%), көмірдің (11,2%) және металл рудаларының (1,4%) ұлғаюымен байланысты.
Құрылыс секторының да айтарлықтай үлесі бар
Құрылыс жұмыстарының көлемі 16,2%-ға артты. 4,9 млн шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді (өсім — 6,8%). Өсімге әсер еткен ірі жобалар, яғни Маңғыстау облысындағы тұщыту кешені, Қостанайдағы KIA зауыты, Түркістандағы «Састөбе» химиялық зауыты, Павлодардағы Ертіс арқылы өтетін көпір, Жамбыл облысындағы биофармацевтикалық және сода зауыттары, сондай-ақ мектептер, инженерлік желілер, жолдар мен тұрғын үйлер.
Қызмет көрсету секторы: сауда мен көлік серпінді өсіп жатыр
Қызмет көрсету көлемі 5,3%-ға артты. Сауда — 7%, көлік қызметі — 22,4%-ға өсті (логистика қалпына келіп, жүк ағыны артты). Көлік саласындағы өсім, негізінен, теміржол көлігімен жүк тасымалдау қызметінің ұлғаюына байланысты болды, бұл қызметтің салалық көлемдегі үлесі 20,5%.
Қазақстандағы жүк айналымының 65%-ын «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ қамтамасыз етеді. Қаңтар–сәуір айларында компанияның нетто жүк айналымы 92,1 млрд ауыр салмақты контейнерлер маршруты жасалды, бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 9,8%-ға артық.
2025 жылғы қаңтар–сәуірде ҚТЖ желісі бойынша жүк тасымалдау 4,5%-ға өсіп, 85 млн тоннаға жетті. Оның ішінде 54,6 млн тонна ел ішінде тасымалданса, экспортқа 30,4 млн тонна жөнелтілді, бұл 2024 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 12,7%-ға көп.
Қаржылық қолдау және кластерлерге басымдық
2025 жылы «Бәйтерек» холдингі арқылы жеңілдікпен қаржыландыру көлемі 8 трлн теңге болды. Қаражат шағын және орта бизнеске, тұрғын үйге және ұлттық жобаларға бағытталған.
Мұнай-газ химиясынан бастап туризмге дейінгі терең өңдеуге бағытталған 17 ірі жоба анықталған.
Мақсат:
Шағын және орта бизнес үлесі — 2030 жылға қарай ЖІӨ-нің 40%-ы;
IT қызмет экспортын 1,5 млрд АҚШ долларынан асыру;
Тікелей шетелдік инвестиция жыл сайын 24–25 млрд АҚШ долларына жетуі.
Сыртқы тәуекелдер және макроэкономикалық бағдар
Сәуірден бастап сыртқы нарықтағы жағдай күрделене түсті, оның ішінде АҚШ-тың тарифтік саясаты, OPEC+ өндірісті ұлғайту шешімі (+411 мың баррель/тәу.), логистикалық іркілістер мен қаржы нарығының құбылмалылығы мұнай бағасы мен жаһандық сұранысқа қысым жасап отыр. Үкімет макроэкономикалық тұрақтылықты сақтай отырып, инвестиция, экспорт және жаһандық тізбектерге кірігу бағытында жұмыс істеп жатыр.
Перспектива
2025 жылдың алғашқы төрт айындағы тұрақты өсім әртараптандырудың тиімділігін көрсетеді. Индустриялық серпін қызмет көрсету секторының жандануымен қатар жүріп жатыр, ал құрылыс мультипликативтік әсер беріп отыр. Негізгі міндет — бәсекеге қабілеттілікті арттыру, жаңғырту, инновация және экспорт нарығын кеңейту.
Сарапшылар бұл өзгерісті маңызды белгі ретінде бағалайды, ондаған жыл бойы айтылып келген әртараптандыру енді нақты іске асып жатыр. Алайда жетістікті бекіту үшін мемлекетке инфрақұрылымды дамытып, шағын және орта бизнеске экспорт пен қаржыға жеңіл қолжетімділікті қамтамасыз ету қажет.
— 6% өсімнің басым бөлігі мұнай-газ өндірісімен байланысты еместігі жақсы нәтиже. Шикізат нарығының тұрақсыздығын ескерсек, мұнай сенімді қозғаушы күш бола алмайды. Әртараптандыру — жалғыз жол. Бірақ, логистикалық және қаржылық инфрақұрылымға күрделі инвестициясыз алдағы үш жылда шағын және орта бизнестің тұрақты өсуі күмәнді. Келесі 5–7 жылда өсу драйверлері логистика, сақтау, ауыл шаруашылығы және тау-кен-металлургия кешені болмақ, - деді қаржы сарапшысы Расул Рысмамбетов.
Еліміздің экономикалық өсіміне қатысты макроэкономист, Dasco Consulting Group серіктесі Эльдар Бейсимбеков те ойын ортаға салды.
— Экономиканың 6%-дық сенімді өсімі — жақсы жаңалық, бірақ әсіресе маңыздысы өңдеу өнеркәсібінің озық қарқынмен өсуі. Әлі де құрылымдық өзгеріс деп айтуға ерте, бірақ үрдіс айқын, экономика құрылымы жақсарып келеді. Басты мақсат — күрделі өнім өндірісі мен жоғары қосылған құнмен экспорт. Тек күрделі өнеркәсіп өнімдері тұрақты өсімге, сапалы жұмыс орындарына және жеткізу тізбегі бойынша мультипликативтік әсерге жол ашады. Бүгінде қарқынды өсіп жатқан секторларға металл бұйымдары, мұнай өңдеу, машина жасау, азық-түлік және химия өнеркәсібі. Қазақстан осы салаларға басымдық беруі тиіс, — дейді ол.
Айта кетейік, таяуда Үкімет басшысы Олжас Бектенов сарапшылармен экономиканың даму мәселелерін талқылады.