Қазақстанның қай өңірінде қоқыс үйіндісі көп

2023 жылдың мамыр айынан бері елде 5 578 қоқыс орны анықталып, оның 50% жойылды. Бұл туралы Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі. 

Қазақстанның қай өңірінде қоқыс үйіндісі көп
Фото: Алматы қаласы әкімдігі

Ғарыштық мониторинг мәліметінше, 2022 жылы анықталған заңсыз қоқыс орындары толығымен жойылған жоқ, жойылған бөлігі – 77%.

«Қоқыс орындарының ең көп саны Қарағанды, Ақмола облыстарында және Астана қаласында екені анықталды. Қоқыс орындарын жою жұмыстары Абай (10%), Ұлытау (15%) облыстарында және Астана қаласында нашар жүргізіліп жатыр», - деді Экология министрі Үкіметтің бүгінгі отырысында.

2023 жылдың мамыр айынан бері 5 578 қоқыс орны анықталып, оның 50% ғана жойылған. Сондай-ақ жою бойынша жұмыс деңгейінің төмен екені байқалды: Абай және Маңғыстау облыстарында – 16%, Ұлытау облысында – 20 %, Астана қаласында 30 % болды.

«Өткен бейсенбіде ғана жою деңгейі 44% болғанын атап өткім келеді. Яғни, қысқа мерзімде 330-ға жуық заңсыз қоқыс жойылды. Заңсыз қоқыс орындарының пайда болуының негізгі себептері коммуналдық және құрылыс қалдықтарымен дұрыс жұмыс істемеу болып отыр. Бұл әкімдіктердің жұмыс деңгейінің төмендігін, құрылыс қалдықтарын басқару жөніндегі талаптардың сақталуын бақылаудың төмендігін көрсетеді», - деді Ерлан Нысанбаев.

Өз кезегінде Астана әкімі Жеңіс Қасымбек елордадағы заңсыз қоқыс үйінділерінің басым көпшілігі құрылыс қалдықтары екенін айтты.

«Өткен жылы 551 рұқсат етілмеген қоқыс үйіндісі тіркелді. Оның 294-і бір жыл ішінде жойылды. Алайда жыл басынан 80 жаңа ошақ пайда болды. Бүгінде ғарыш мониторингімен 338 рұқсат етілмеген қоқыс үйіндісі табылып, оның 113-і жойылды, 65 мың тоннаға жуық қоқыс шығарылды. Биылғы сәуір айында құрылыс қоқыстарын қабылдау алаңы ашылғанына қарамастан, стихиялық қоқыс үйінділерінің көпшілігі әлі құрылыс қоқыстарын заңсыз шығару салдарынан қалыптасып отыр. Жыл басынан бері полициямен бірлесіп, 6,5 мыңнан астам субъекті әкімшілік жауапқа тартылды. Алдағы тоқсанда тағы 100-ден астам заңсыз қоқыс үйіндісін жоюды жоспарлап отырмыз», - деді елорда әкімі.

Соңғы жаңалықтар