Қазақстанның кез келген ұсынысын қабылдауға дайынбыз – Иордания Елшісі
АСТАНА. KAZINFORM – Иордания жаңартылған энергия, химия, дәрі-дәрмек және жеңіл өнеркәсіп салаларында Қазақстанмен өзара тәжірибе алмасып, инвестиция жасауға пейілді. Ал Қазақстаннан тау-кен өндірісі мен атом энергия салалары бойынша қарымта байланыс болуын қалайды. Kazinform шетелдік дипломаттармен сұхбаттар сериясы аясында Иордания Хашимит Корольдігінің Қазақстан Республикасындағы Елшісі Хамза Махмуд Юсеф әл-Омаримен сұхбаттасты.

- Құрметті Хамза әл-Омари мырза, Қазақстан мен Иордания арасында дипломатиялық қарым-қатынас орнағалы 30 жылдан асты. Осы жылдар ішінде 30-дан аса екіжақты келісімге қол қойылды. Екі ел арасындағы қарым-қатынас қалай дамып жатыр?
- Екі мемлекет арасында дипломатиялық байланыс орнаған 1993 жылдан бері Иордания мен Қазақстан басшылары екіжақты қатынасты нығайтуға және оны жоғары деңгейге көтеруге бар күш-жігерін салып келеді. 2007 жылы Амман мен Астанада елшіліктерін ашып, жұмысқа кірісті. Сол уақыттан бері еларалық экономикалық, мәдени және саяси байланыстар өзара қарым-қатынасымыздың негізгі қозғаушы факторына айналды. Осы жылдар ішінде Ұлы Мәртебелі король Абдалла II әл-Хусейн Қазақстанға 7 рет ресми іс-сапармен келіпті. Екі ел көптеген халықаралық мәселелер бойынша, соның ішінде Таяу Шығыстағы бейбітшілік процесі, екі мемлекеттің қатар өмір сүру принципі мен БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің қарарлары негізінде халықаралық сахнада бір-біріне қолдау көрсету бойынша ортақ ұстанымдарға ие. Сондай-ақ Ұлы Мәртебелі король Қазақстан Республикасының Президенті Мәртебелі Қасым-Жомарт Тоқаев мырзамен 2019 жылғы 25 қыркүйекте Нью-Йоркте өткен БҰҰ Бас Ассамблеясының отырыстарында кездескенін айта кеткім келеді.
- Қазақстан мен Иордания арасындағы тауар айналымы биылғы жарты жылдықта 4,8 млн АҚШ доллары көлемінде болды. Аса көп емес, бірақ қалай болғанда да еларалық сауда-саттықтағы қалыптасқан үрдістің жемісі бар. Осы орайда сауда-экономикалық ынтымақтастықтың жаңа перспективалары мен мүмкіндіктері туралы не айтасыз?
- Сіздің елге елші болып өткен жылдың қыркүйегінде келдім. Содан бері ынтымақтастықтың екі елге де тиімді тың мүмкіндіктері көп екендігін байқадым. Қазіргі уақытта екі ел де тау-кен өнеркәсібі, сауда, энергетика және жоғары білім беру салаларына аса назар аударып отыр.
Иорданияда Қазақстанға импорттауға болатын және Қазақстан нарығында сұранысқа ие болатын өнімдер бар. Мысалы, дәрі-дәрмектер, озық технологиялар, тоқыма өнімдері, фосфат, калий, тыңайтқыштар, жемістер, көкөністер, зәйтүн майы және Өлі теңіз өнімдері. Мен бұл тұрғыда Иордания Қазақстанның кез келген ұсынысын қабылдауға дайын екенін жеткізгім келеді.
Менің ойымша, Король ІІ Абдалла және Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың басышылғымен жүргізіліп жатқан жұмыстар екі ел арасындағы ынтымақтастықтың барлық салаларында мол мүмкіндік ашатыны сөзсіз. Екі ел басшылары Иордания мен Қазақстан арасындағы бауырластық қарым-қатынастарды нығайту үшін телефон арқылы сөйлесіп тұрады. Олар Нью-Йоркте екі рет кездесіп, екіжақты қатынастарды дамытуға басымдық беруге келісті. Бұл Иорданияның Қазақстанмен қарым-қатынасқа зор мән беретінін көрсетеді.
- Екі ел арасында Қазақстан-Иордания үкіметаралық комиссиясы жұмыс істейді. Сондай-ақ, Қазақстан-Иордания парламентаралық достық тобы бар. Осы аталған бірлестіктер екі елдің түрлі саладағы ынтымақтастығының нығаюына қаншалықты ықпал етіп отыр?
- Иордания мен Қазақстан Республикасы үкіметтерінің жоғары лауазымды тұлғаларының кездесулері барысында екіжақты сауда көлемін ұлғайту үшін маңызды талқылаулар жүргізілді. Осы жылдың желтоқсан айында сауда және инвестициялық қатынастарды нығайту үшін және бұрынғы келісімдерді жандандыру мақсатында Амманда бесінші үкіметаралық бірлескен комиссия және бірлескен бизнес кеңес жиындары өтеді. Сауда көлемін ұлғайтуға кедергі келтіретін қиындықтарды еңсеру бойынша талқылаулар жүргізіледі. Соның ішінде тасымалдау және логистика шығындарын азайту, сондай-ақ екі ел арасындағы тікелей әуе рейстерінің болмауы секілді мәселелерді талқылайды.
Иордания мен Қазақстанның туризм секторындағы мүмкіндіктерді кеңінен пайдалану үшін екі ел тарапынан қабылданып жатқан іс-шаралардың тиімді болатынына сенімдімін. Астанада жоғары лауазымды тұлғалармен кездесулерімде екі елдегі туроператорларға мүмкіндіктер есігін ашу, Иордания мен Қазақстан үшін табысты туристік нарықтарға назар аудару мақсатында бірқатар іс-шаралар мен идеялар ұсынылды. Мәселен, біз Иорданиядағы тарихи жерлерден, әсіресе ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мұралар тізіміне енген және әлемнің жаңа жеті кереметінің бірі саналатын Петра (ескі қала – ред.) сияқты мәдени орындардан қазақстандық туристерді көптеп көргіміз келеді. Қазір екі ел өзара визасыз режим орнату туралы келісімге қол жеткізу жұмыстарымен айналысып жатыр. Иорданиялық органдар бірнеше мемлекеттің азаматтарына, соның ішінде Қазақстан азаматтарына шекаралық бекеттерде виза бере алады. Сонымен қатар, өткен жылы Иорданияның Ішкі істер министрлігі электронды виза беру жүйесін іске қосты. Тағы бір жағымды жаңалық – екі бағытта да жолаушылар мен жүк тасымалын жеңілдету үшін Иордания мен Қазақстан арасында тікелей әуе қатынасын орнату мүмкіндігі талқыланып жатыр.
- Иорданиялық кәсіпкерлерді Қазақстанда қай салалар қызықтырады?
- Иорданияда өнеркәсіп өте жақсы дамыған. Әсіресе жаңартылған энергия, химия, дәрі-дәрмек және жеңіл өнеркәсіп секілді салаларда Иорданияның жетістігі өте көп. Сол себепті, Иордания осы салаларда Қазақстанмен өзара тәжірибе алмасып, инвестиция жасауға пейілді. Ал Қазақстанда тау-кен өндірісі мен атом энергия салалары жетік дамыған, сол себепті Қазақстан тарапы Иорданиямен осы салаларда тәжірибе алмасып, инвестиция жасау жағын қарастырса деймін.
Екі елдің экономикалық байланыстарына кедергі болып отырған мәселе – тікелей тасымал жолдарының болмауы. Қазір осы мәселені шешуге тырысып жатырмыз. Бұл мәселе орайымен жүзеге асса, екі елдің де мүддесі үшін көптеген мүмкіндіктердің есігі ашылары сөзсіз.
- Қазақстан мен Иорданияның арасындағы мәдени-гуманитарлық байланыс туралы не айтар едіңіз?
- Иорданиядағы кейбір оқу орындары, соның ішінде Иордания университеттерінің кейбір бөлімдері аса танымал ғұлама ғалым Әбу Насыр әл-Фарабидің есімімен аталады. Сондай-ақ Иорданияда қазақтың көрнекті ақыны Абай Құнанбайұлының 175 жылдығына арналған әлденеше іс-шара өткізілді әрі Амман қаласының бір көшесіне және атақты университеттің кітапханасына Абайдың есімі берілді.
Иордания мен Қазақстан арасындағы ынтымақтастықтың қарқынды дамып жатқан тағы бір бағыты – білім саласы. Қазақстанның төрт университетінде 300-ге жуық иорданиялық студент білім алады. Өйткені Қазақстанда білім сапасы өте жоғары. Қазақстанның білім саласын дамыту орайындағы жаңа бастамалары мен бағдарламалары көңіл көншітеді. Әлемдегі алдыңғы қатарлы университеттерінің филиалдарын ашу жоспарланғанынан хабардармын. Бұл – өте маңызды қадамдар. Сәттілік тілеймін!
Сұхбаттасқан: Нұрлан ҚАБДАЙҰЛЫ