Қазақстанның Қорғаныс министрлері несімен есте қалды

министр
Коллаж: Kazinform

АСТАНА. KAZINFORM – 1992 жылы 7 мамырда Қарулы Күштері және Қорғаныс министрлігі құрылды. Содан бері Тәуелсіздік жылдары Қорғаныс министрлігін 13 адам басқарды. Kazinform агенттігі әр министрдің несімен есте қалғанына шолу ұсынады.

Халық қаһарманы, Тәуелсіз Қазақстанның тұңғыш Қорғаныс министрі, Кеңес Одағының Батыры, армия генералы Сағадат Қожахметұлы Нұрмағамбетов 1924 жылы 25 мамырда Ақмола облысы, Еңбек ауылында дүниеге келген. Ол 1942 жылы әскер қатарына шақырылып, 1-Белорус майданында, Солтүстік Кавказ, Украина, Молдавия, Польша, Германия майдандарында соғысқан. Пулемет взводын, ротаны, 5-екпінді армияның атқыштар батальонын басқарған. Ал 1945 жылы 27 ақпанда Польша аумағында мықтап бекінген жау қорғанысын бұзып өтіп, жауынгерлік тапсырманы ерлікпен орындағаны үшін «Кеңес Одағының Батыры» атағын алды. Кейінірек Гитлер канцеляриясын шабуылдауға қатысып, соғысты Берлинде аяқтаған.

Сағадат Қожахметұлы Нұрмағамбетов
Фото: allib.kz

Соғыстан кейін С. Нұрмағамбетов 1946 жылы Мәскеудегі М.И.Фрунзе атындағы Әскери академияны тәмамдап, Орта Азиядағы Түркістан әскери округіне полк басқаруға жіберілді. Әр жылдары түрлі штабтық, командалық лауазымдарда, оның ішінде Қазақ ССР Азаматтық қорғаныс штабының бастығы, Орта Азия әскери округі қолбасшысының орынбасары, Оңтүстік топ әскерлері қолбасшысының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 1971-1994 жылдары бірнеше мәрте Қазақстан Жоғарғы кеңесінің депутаты болып сайланды. Ал 1989 жылдан бастап – Қазақ ССР соғыс және еңбек ардагерлері кеңесінің төрағасы, Қазақ ССР Жоғарғы Кеңесіндегі Ардагерлер мен Қарулы Күштер мүгедектері істері комитеті төрағасы қызметтерін атқарса, 1991 жылы – Қазақстан Республикасы Мемлекеттік Қорғаныс комитетінің төрағасы болды.

1992 жылғы 7 мамырда С. Нұрмағамбетов жаңа республиканың Қорғаныс министрі болып тағайындалды. Оған Тәуелсіз Қазақстанның әскерін құру міндеті қойылған еді.

«Осы орай­да мол əскери білім мен тəжірибе иесі Сағадат Қожахметұлы тəуелсіздіктің алғашқы жылдарында еліміздің Қарулы Күштерін құруға, сондай-ақ оның жаңа заңды құжаттарын, алғашқы қорғаныс доктринасын қалыптастырып, күрделі саланың негізін қалап, жүзеге асыруда айрықша қызмет етті. Жас мемлекетіміздің Қару­лы Күштерін кəсіби тұрғыдан бəсекеге лайықты сапаға бейімдеді. Сөйтіп өзінің дарын­ды қолбасшы екендігін бейбіт өмір­де де көрсетіп, ұрпақтар ұмыт­пай­тын ұлағатты іс атқарды», - деп еске алады әскери журналист Сапарғали Жағыпаров.

С. Нұрмағамбетов министр лауазымында 1995 жылдың қазанына дейін қызмет етті. Содан кейін армия генералы атағымен отставкаға шығып, ел Президентінің кеңесшісі болды. 1994 жылғы 23 мамырда Мемлекет басшысының Жарлығымен С. Нұрмағамбетовке Халық Қаһарманы атағы мен №1 «Алтын Жұлдыз» табыс етілді. Сондай-ақ, Алматы, Астана, Донецк (Украина) қалаларының, Ақмола облысының, Ақкөл ауданының құрметті азаматы атанды.

Даңқты батыр 2013 жылы 90 жасқа қараған шағында Алматы қаласында дүние салды. Үкімет Қаулысымен Астана қаласындағы «Жас ұлан» мектебіне армия генералы Сағадат Нұрмағамбетовтің есімі берілді. Ал биыл сәуір айында «Айбын» орденінің I дәрежесі Сағадат Нұрмағамбетовтің есімімен аталды.

Келесі Қорғаныс министрі, генерал-полковник Әлібек Хамитұлы Қасымов 1995-1996 жылдары ведомствоны бір жыл ғана басқарды. Ол 1954 жылы 18 қыркүйекте Алматы қаласында туған және Алматы И.С.Конев атындағы Жоғары әскери командалық училищесін, Мәскеудегі М.В.Фрунзе атындағы Әскери академияны бітірген. 1975-1982 жылдары - Калининград облысындағы танк дивизиясының взвод, рота командирі, батальон командирінің орынбасары,1985-1992 жылдары - Закавказье әскери округінде штаб бастығы – мотоатқыштар оқу полкі командирінің орынбасары, аға офицері, бастық орынбасары, бөлім бастығы болған.

Әлібек Хамитұлы Қасымов
Фото: abai.kz

Ә. Қасымов 1992 жылдың тамызынан – жедел басқарма бастығы – Қорғаныс министрлігі Бас штабы бастығының орынбасары, 1992 жылдың қарашасынан – Қорғаныс министрінің 1-інші орынбасары - Бас штабтың бастығы, 1995-1996 жылдары – Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрі болды.

Ә.Қасымов мырза сержанттық корпустың маңыздылығына көп көңіл бөлген және 1996 жылы Қарулы Күштерге кәсіби сержанттарды әзірлейтін Кадет корпусының ашылуына мұрындық болған. Командирлердің лайықты жалақы алуын көтерген. Кейінірек 1997 жылы Ә. Қасымов Қазақстанның Түркиядағы әскери атташесі болып тағайындалды. 2001-2003 жылдары – ҚР Қауіпсіздік кеңесі хатшысының орынбасары, 2004 жылдың сәуір айынан желтоқсанына дейінгі аралықта – «Lapidim Project LTD» ЖШС-нің бас директоры, 2004 жылдың желтоқсанынан – «Atameken Holding» Қаржылық Өнеркәсіп Тобы» директорлар кеңесінің төрағасы болды.

Ә.Қасымов ІІІ дәрежелі «КСРО Қарулы күштерінде Отанға сіңірген қызметі үшін», ІІ дәрежелі «Даңқ» ордендерімен және КСРО медальдарымен марапатталған.

Қорғаныс министрлігіне екі рет тағайындалған әрі мерзімі бойынша ұзақ басқарған министр – әскери-ұшқыш, армия генералы, Халық қаһарманы Мұхтар Қапашұлы Алтынбаев. Ол 1945 жылы 10 желтоқсанда Қарағанды облысында дүниеге келген. Еңбек жолын Киров атындағы (Қарағанды) шахтаның үңгушісі болып бастап, кейінірек Краснодар өлкесінің Армавир қаласындағы әуе қорғанысы жоғары әскери ұшқыштар училищесін (1977), Г.Жуков атындағы Әуе қорғанысы әскери академиясын (1985) бітірген.

Мұхтар Қапашұлы Алтынбаев
Фото: Wikipedia

Болашақ министр Кинель-Черкасск оқу-жаттығу авиация орталығының курсант ұшқышы (1965-1966), Әуе қорғанысы авиациялық истребительдік полкының ұшқышы, аға ұшқышы, авиациялық истребителдік полкы авиациялық звеносының командирі, авиациялық эскадрильясы командирінің орынбасары, командирі, дивизия командирінің орынбасары, командирі (1969-1985) болып қызмет еткен. Содан кейін Әуе шабуылына қарсы қорғаныс әскери академиясының тыңдаушысы (1982-1985); Әуе шабуылына қарсы қорғаныс дивизиясы командирінің орынбасары (1985-1988); Әуе шабуылына қарсы қорғаныс дивизиясының командирі (1988-1992) болды.

1992 жылы Әуе шабуылына қарсы қорғаныс корпусының командирі – ҚР қорғаныс министрінің орынбасары, 1993 жылы – ҚР Әскери әуе күштерінің қолбасшысы, 1996 жылы – ҚР Қорғаныс министрі атанды. Алайда 1999 жылы отставкаға жіберіліп, ҚР Қарулы күштерінің Әуе қорғанысы күштерінің қолбасшысы қызметіне ауысады. Кейін 2001 жылы Қорғаныс министрі лауазымына қайта тағайындалды.

М. Алтынбаев билік еткен жылдары Әуе қорғаныс күштері (1998) құрылып, әуе қорғанысына реформалар жүргізіліп, жаңа аэродромдар ашылғаны айтылады. Мәселен, 2003 жылы Алматы мен Алматы облысын қорғайтын Жетіген әуеайлағы ашылған. Екінші тағайындау кезінде де 2001-2007 жылдары авиацияның орасан зор қайта қарулануы байқалып, ұшақтар мен тікұшақтарды көптеп сатып алынған.

Сонымен бірге, М.Алтынбаевтың кезінде Әскери-теңіз күштері (2003), Құрлық әскерлері (2009), «Астана», «Оңтүстік», «Батыс» және «Шығыс» өңірлік қолбасшылықтары құрылған, зымыран әскерлері мен артиллерия, Аэромобильді әскерлері, Қарулы Күштер Тылы секілді жаңа әскер түрлері енгізілген. Қазақстандық әскерилер БҰҰ бітімгершілік миссияларына қатыса бастады.

Министр лауазымынан кейін ол Қорғаныс министрінің бірінші орынбасары – Штаб басшылары комитетінің төрағасы (2007-2010); ҚР Парламенті Сенатының депутаты (2010-2017) болды, қазір ҚР Парламенті Сенаты жанындағы Сенаторлар кеңесінің мүшесі ретінде қызмет етіп келеді. Мұхтар Алтынбаев ІІІ дәрежелі «КСРО Қарулы Күштерінде Отанға қызмет еткені үшін» (1978), ІІ дәрежелі «Барыс» (2003), «Халықтар достығы» (РФ), ТМД-ға қатысушы мемлекеттер Парламентаралық Ассамблеясы Достастығы (2015) ордендерімен; «Халық Қаһарманы» алтын жұлдызымен, «Отан» орденімен, ҚР және шет мемлекеттердің көптеген медальдарымен наградталған.

1999-2001 жылдар арасында Қорғаныс министрлігі басшылығында ұлттық қауіпсіздік органдарының ардагері, генерал-полковник Сәт Бесімбайұлы Тоқпақбаев болды. Ол 1939 жылы Алматы облысында туған. 1963 жылы С.М. Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің заң факультетін заңгер мамандығы бойынша, СССР МҚК №302 Минск мектебін, 1971 жылы СССР Жоғары дипломатиялық мектебін тәмамдаған. Кәсіби мансабын 1963 жылдың шілде айында Алматы облыстық прокуратурасының тергеушісі болып бастады және 1963 жылдың қыркүйек айынан – СССР МҚК №302 Минск мектебінің курсанты; СССР МҚК кадрлық офицері, жедел өкілден ҚазКСР МҚК Басқармасының бастығы лауазымына дейінгі қызмет жолын өткен.

Сәт Бесімбайұлы Тоқпақбаев
Фото: Turkystan.kz

1991 жылдың қараша айынан – Алматы қаласы және Алматы облысы бойынша ҚР МҚК Басқармасының бастығы, 1993 жылдың маусым айынан – ҚР ҰҚК төрағасының бірінші орынбасары, 1993 жылдың желтоқсан айынан – ҚР ҰҚК төрағасы, 1995 жылдың қараша айынан – ҚР Президенті Күзет қызметінің бастығы – ҚР Республикалық гвардиясының қолбасшысы міндетін атқарушы, 1997 жылдың наурыз айынан – ҚР Республикалық гвардиясының қолбасшысы болды. Ал 1999 жылдың қазан айынан ҚР қорғаныс министрі болып тағайындалды. С. Тоқпақбаевтың тұсында әскери саланы қаржыландыру көлемі артып, екінші рет Әскери доктрина қабылданды. Алғашқы доктрина 1993 жылы Сағадат Нұрмағамбетов тұсында қабылданған болатын. Сондай-ақ, Қазақстанда алғаш рет халықаралық әскери жаттығулар өткізіле бастады.

С.Тоқпақбаев 2001 жылдың желтоқсан айынан ҚР Президентінің кеңесшісі – Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес және ҚР мемлекеттік қызметкерлерінің қызметті жөніндегі комиссияның төрағасы – ҚР Президеті жанындағы Азаматтық мәселелері жөніндегі комиссиянын төрағасы ретінде жұмыс істеді. 2002 жылға дейін ҚР Қауіпсіздік кеңесінің мүшесі, 2007-2011 жылдары – ҚР Парламенті Мәжілісі 4-шақырылымының депутаты, Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің мүшесі болды. «Даңқ» (1997), «Барыс» (2008) ордендерімен; 14 медальмен марапатталған. «Жылдың әскери адамы» номинациясы бойынша Жыл адамы (Алтын Адам) (2000, 2001). Отставкадағы генерал-полковник І дәрежелі «Барыс» орденімен (2019 жыл) марапатталды.

2007-2009 жылдары Қорғаныс министрлігін басқарған Даниал Ахметовтың әскери салаға қатысы аз. Ол 1954 жылы 15 маусымда Павлодар қаласында дүниеге келген және Павлодар индустриялық институтын «Инженер-құрылысшы» мамандығы бойынша бітірген. «Павлодартұрғынүйқұрылыс» үй салу комбинатының шебері, Екібастұз қалалық партия комитетінің нұсқаушысы болып жұмыс істеген.1987-1991 жылдары – Екібастұз қалалық атқару комитеті төрағасының орынбасары, 1991-1992 жылдары – «Екібастұзтұрғынүйөнеркәсіпқұрылыс» тресінің басшысы, 1992-1993 жылдары – Екібастұз қалалық әкімдігінің басшысы, 1993-1997 жылдары – Павлодар облыстық әкімдігінің басшысы, әкімі, 1997-1999 жылдары – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі болған.

Даниал Ахметов
Фото:instagram.com/danial.akhmetov.official

1999-2001 жылдары - ҚР Премьер-Министрінің орынбасары, бірінші орынбасары, 2001-2003 жылдары – Павлодар облысының әкімі, 2003-2007 жылдары – ҚР Премьер-Министрі, ҚР Қауіпсіздік кеңесінің мүшесі атанса, 2007 жылы – ҚР Қорғаныс министрі болып тағайындалды. Бұл қызметінде Д. Ахметов әскерилердің баспана алуы үшін жаңа бағдарламаларды ашты. Одан бөлек, әскери қоймалардағы жарылыстар мен саладағы сыбайлас жемқорлық фактілері де тіркелген.

Қорғаныс саласынан кейін Д. Ахметов 2010-2012 жылдары экологиялық энергетика саласындағы компания басшысы, 2012-2014 жылдары Еуразиялық экономикалық комиссияның Қазақстан тарапынан алқа мүшесі, 2014 жылы – Шығыс Қазақстан облысының әкімі болып жұмыс істеп, 2023 жылы зейнетке шықты. Минералдық ресурстар академиясының академигі, 3-ші, 2-ші дәрежелі «Барыс», «Құрмет белгісі» ордендерімен және медальдармен марапатталған.

2009 жылы Д. Ахметовтен кейін министрлік басшылығына Қазақстанның Реседегі Төтенше және Өкілетті Елшісі болған Әділбек Жақсыбеков келді. Ол 1954 жылы 26 шілдеде Қостанай облысында туған. 1977 жылы Мәскеудегі Бүкілодақтық мемлекеттік кинематография институтының экономика факультетін бітірген, 1987 жылы Плеханов атындағы Мәскеу халық шаруашылығы институтында «материалдық-техникалық жабдықтауды ұйымдастырушы» мамандығы бойынша қайта даярлаудан өтті. Экономика ғылымдарының кандидаты.

Әділбек Жақсыбеков
Фото: Кff.kz

Ол Қазақ КСР Мемкино және Мемжабдықтау жүйесінде жұмыс істеді, бірқатар кәсіпорындарды басқарған. 1988-1995 жылдары «Цесна» көпсалалы корпорациясын басқарды. 1995 жылы ҚР Парламентінің Сенатына сайланды, 1996 жылы – Ақмола облысы әкімінің бірінші орынбасары, 1997-2003 жылдары - Астана қаласының әкімі болды. 2003-2004 жылдары – ҚР Индустрия және сауда министрі, 2004-2008 жылдары - ҚР Президенті Әкімшілігінің Басшысы, 2008 жылғы қаңтар мен қазан аралығында - «Нұр Отан» халықтық-демократиялық партиясы төрағасының бірінші орынбасары - ҚР Президентінің кеңесшісі және 2008-2009 жылдары - Қазақстан Республикасының Ресей Федерациясындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі болды.

Ә. Жақсыбеков Қорғаныс министрлігінде 2014 жылға дейін 5 жыл жұмыс істеді және салыстырмалы түрде ұзақ басқарған министрлердің бірі. Оның тұсында ҚР Қорғаныс министрлігі басқа да мемлекеттермен әскери-техникалық ынтымақтастықты дамытты. 2011 жылы - «Еурокоптер Қазақстан инжиниринг» зауыты, 2012 жылы - «Қазақстандық авиациялық индустрия» ЖШС, 2013 жылы Астанада ТМД аумағында теңдесi жоқ «Қазақстан АСЕЛСАН инжиниринг» қазақ-түрiк бiрлескен зауыты ашылды.

2014 жылғы сәуір мен қазан аралығында – ҚР Мемлекеттік хатшысы, 2014-2016 жылдары – қайтадан Астана қаласының әкімі, 2016 жылғы 21 маусымда – ҚР Президенті Әкімшілігінің Басшысы болып тағайындалды. 2018-2019 жылдары – «Цесна" Корпорациясы» АҚ Директорлар кеңесінің төрағасы, 2020-2022 жылдары – «ҚазТрансГаз» АҚ Директорлар кеңесінің төрағасы болды. Сондай-ақ, Ә. Жақсыбеков – ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, I, II және III дәрежелі «Барыс», III дәрежелі «князь Ярослав Мудрый» (Украина) ордендерімен және медальдармен наградталған.Төтенше және Өкілетті Елші дипломатиялық дәрежесіне ие.

Келесі Қорғаныс министрі Серік Ахметов бұл қызметте 7 ай ғана жұмыс істеп, өз еркімен отставкаға кетті. Ол 1958 жылы 25 маусымда Қарағанды облысында туған. Еңбек жолын Қарағанды металлургиялық комбинатында бастады. 2001 жылдан бастап Теміртау қаласының әкімі, содан кейін Астана қаласы әкімінің бірінші орынбасары, ҚР Президенті Әкімшілігінің ұйымдастыру-бақылау жұмысы және кадр саясаты басқармасы Мемлекеттік инспекциясының меңгерушісі, Қазақстанның кәсіпкерлер мен жұмыс берушілерінің «Атамекен» Одағының басқарма төрағасы, ҚР көлік және коммуникациялар министрі, ҚР Премьер-Министрінің орынбасары болып жұмыс істеді. 2009 жылдың қарашасынан - Қарағанды облысының әкімі, 2012 жылдың қаңтарынан - ҚР Премьер-Министрдің бірінші орынбасары, 2012 жылдың қыркүйегінде – ҚР Премьер-Министрі болды. 2014 жылы Қазақстан Үкіметі отставкаға кетіп, С. Ахметов Қорғаныс министрі қызметіне тағайындалған еді.

Серік Ахметов
Фото: Рrimeminister.kz

Баршаға белгілі, Серік Ахметов сенiп тапсырылған бөтен мүлiктi иеленiп алу немесе ысырап ету, кәсіпкерлік қызметке заңсыз қатысу, қызмет өкiлеттiгiн теріс пайдалану, заңды кәсіпкерлік қызметке кедергі келтіру айыптары тағылып, кінәлі деп танылды. 2015 жылы Премьер-Министр С. Ахметов пен басқа да лауазымды 21 тұлғаға қатысты сот үкімі шықты. 2016 жылдың 14 наурызда жемқорлық қылмыстық іске қатысты сотты болған 11 адамның жазасын жеңілдетті. Соның ішінде Серік Ахметовтің жазасы 10 жылдан 8 жылға дейін азайтылды. 2021 жылы 20 қыркүйекте С. Ахметов бостандыққа шықты.

Еліміздің тоғызыншы Қорғаныс министрі Иманғали Тасмағамбетов Қорғаныс министрлігін 2014-2016 жылдары басқарды. Ол 1956 жылы 9 желтоқсанда Гурьев облысы Махамбет ауданы Новобогат ауылында дүниеге келген. А.С. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтының жаратылыстану-география факультетін бітірген (1979), география және биология пәндерінің мұғалімі. Оның мол саяси және дипломатиялық тәжірибесі, шаруаға мығымдығы әскери салада да қажеттілігін көрсетті. 2015 жылы ҚР Қарулы Күштерінің тарихында алғаш рет қазақстандық Әскери-әуе күштері Су-30СМ жойғышымен, жаңа Ми-171Ш көліктік-жауынгерлік тікұшағымен, жаңа С-295 әскери-көлік ұшағымен толықты. 2016 жылдың наурызында И. Тасмағамбетов алғашқы қазақстандық патрон зауыты құрылысының басталуына жол ашты.

Иманғали Тасмағамбетов
Фото: Аbai.kz

2015 жыл еліміздің Қарулы Күштерінде әскерлердің кенеттен тексерілуімен ерекшеленді. Бұл тексерулер тексерілген құрамалардың жауынгерлік әзірлігінің жай-күйін дәйекті бағалауға, бар проблемаларды анықтауға, арналуы бойынша тапсырмаларды орындауда командирлер мен барлық жеке құрамға тәжірибе жинақтауға мүмкіндік берді.

Сондай-ақ, 2015 жылы ҚР Қарулы Күштерінде қазақстандық армия тарихындағы Ұлы Отан соғысының 70 жылдығына арналған ең ірі әскерлер парады өткізілді. Сол жылы Астанада ел тарихындағы тұңғыш әскери-тарихи музей ашылды. Музей қорында ежелгі дәуірден қазіргі уақытқа дейінгі қазақ халқының әскери тарихы мен мәдениеті ескерткіштерінің нақышын келтіретін сирек кезедесетін және бірегей жәдігерлер бар. Ал 2016 жылы алғаш рет Қазақстан аумағында Армия халықаралық ойындары өтті.

2016-2018 жылдары Қорғаныс министрлігін генерал-полковник Сәкен Жасұзақов басқарды. Ол 1957 жылы 25 қазанда Оңтүстік Қазақстан облысында дүниеге келген. 1978 жылы Алматы жоғары жалпыәскери командалық училищесін бітірген. 1981-83 жылдары аңызға айналған «Қара майор» - Борис Керімбаевтың қарамағында Ауған соғысына қатысқан. 1987-1990 жылдары – М.В. Фрунзе атындағы әскери академияда тыңдаушы болып, 1996 жылы – РФ ҚК Бас штабының Әскери академиясын аяқтаған. Ол лейтенанттан бастап генералға дейінгі әскери қызметтің барлық сатыларынан өткен.

Сәкен Жасұзақов
Фото: Аbai.kz

Өз қызметінде С. Жасұзақов "Жас Сарбаз" әскери-патриоттық клубтарын құрған, мектептерде кадет сыныптарын ашу бастамасын көтерген. Сарбаздардың рационы мен мемлекеттік тендер мәселесін Парламентте ашық айтқан. Сондай-ақ, 2017 жылы жаңа әскери доктрина қабылданды. Және 2019 жылы Арыс қаласындағы әскери бөлімшедегі қару-жарақтың жарылуына және қалада адам шығынына ұшыратқан ауқымды апатқа жол бергені үшін С. Жасұзақов Қазақстан Республикасының Қарулы Күштері жүйесінен шығарылды. Бұл ретте әскери атағы, мемлекеттік наградалары мен зейнетақы төлемдері сақталды.

2018-2021 жылдары Қорғаныс министрі болған генерал-лейтенант Нұрлан Ермекбаев қызметінде әскери қоймаларда екі ірі жарылыс болды. Ол 1963 жылы 1 қаңтарда Оңтүстік Қазақстан облысында туған. 1986 жылы КСРО Қорғаныс министрлігінің Әскери Қызыл ту институтын қытай және ағылшын тілдерін меңгерген офицер мамандығы бойынша үздік бітірген.1996 жылы Қазақ сәулет және құрылыс академиясын инженер-экономист мамандығы бойынша тәмамдаған. Анголада, Қытайда, Аустрияда, Сингапурде түрлі лауазымда қызмет еткен. ҚР Дін істері және азаматтық қоғам министрі қызметінен соң Қорғаныс министрлігіне келді.

Нұрлан Ермекбаев
Фото: Kazinform

Н.Ермекбаевтың министрлігі кезінде Тәуелсіз Қазақстанда алғаш рет Мемлекет басшысы – Қазақстан Қарулы Күштерінің Жоғарғы Бас қолбасшысы ауысып, Қасым-Жомарт Тоқаев келді. Сол айда 24 маусымда Арыс қаласындағы әскери бөлімнің қоймасында жарылыс болып, салдарынан үш адам қаза тапты. Нұрлан Ермекбаев жарылыс кезінде қаза тапқан әскери қызметшілердің отбасыларына «Айбын» ордендерін табыстады.

Ал 2020 жылы тұтас әлемді құрсаулаған COVID-19 пандемиясы басталды. Бір жылда Қарулы Күштердің 13 мыңнан астам әскери қызметшісі коронавируспен күрес жұмыстарына – дезинфекциялық жұмыстарға, тосқауыл бекеттерінде кезекшілік атқаруға, сондай-ақ патрульдеуге тартылды. Сондай-ақ, 2 мыңнан астам әскери қызметші коронавируспен ауырды.

2021 жылы 26 тамызда Жамбыл облысының Байзақ ауданында оқ-дәрі қоймасынан өрт шығып, ізінше жарылды. Оқиға салдарынан барлығы 17 адам қаза тапты. Олардың арасында ішкі істер органының қызметкерлері, әскерилер мен төтенше жағдайлар қызметінің өкілдері, әскери прокурор бар. 31 тамызда Н.Ермекбаев өз еркімен отставкаға кетті. 2023 жылы Н. Ермекбаев Шанхай Ынтымақтастық Ұйымы Бас хатшысының орынбасары атанды.

Нұрлан Ермекбаевтан кейін Қорғаныс министрлігіне келген Мұрат Бектановтың мансабы Қаңтар оқиғасында аяқталды және 12 жылға бас бостандығынан айырылды. Ол 1965 жылы 18 қыркүйекте Солтүстік Қазақстан облысында туған.1983-1984 жылдары мерзімді әскери қызметін өтеп, 1988 жылы Киев жоғары жалпы әскери командалық училищесін, 2000 жылы – ҚР Қарулы Күштерінің Әскери академиясын, 2007 жылы – Ресей Федерациясы Қарулы Күштері Бас штабы Әскери академиясын бітірген.

Мұрат Бектанов
Фото: Аbai.kz

2022 жылдың 5 қаңтарында Мемлекет басшысының Жарлығымен Үкімет толық құрамда отставкаға кетті. 2022 жылдың 11 қаңтарында Президент Жарлығымен Қорғаныс министрі болып қайта тағайындалды және 19 қаңтарда қызметтен алынды.

Мұрат Бектанов Қаңтар оқиғасы кезінде заңсыз бұйрық берген және стратегиялық нысандарды әскерилердің күзетінсіз қалдырған. Елімізде конституциялық тәртіп орнату жөнінде шаралар қабылдамаған. Сол жылы 20 ақпанда М. Бектанов ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. 2023 жылы 9 наурызда сот оған ең жоғары қауіпсіздік қылмыстық-атқару жүйесі мекемесінде жазасын өтей отырып, 12 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі жаза тағайындады.

Ол жазасын Абай облысының Семей қаласындағы ең жоғары қауіпсіздіктегі қылмыстық-атқару жүйесі мекемесінде өтеп жатыр.

2022 жылдың 19 қаңтарында министрлікке генерал-лейтенант Руслан Жақсылықов келді. Ол 1966 жылы 4 наурызда Алматы облысының Қаскелен қаласында қызметшілер отбасында дүниеге келген. 1987 жылы И.С. Конев атындағы Алматы жоғары жалпы әскери командалық училищесін командалық тактикалық басшылық мамандығы бойынша оқуға бітірген. 1996 жылы М.В.Фрунзе атындағы Әскери академиясын командалық-штабтық жедел-тактикалық әскери барлау мамандығы бойынша тәмамдаған. Ал 2004 жылы Ресей Федерациясы ҚК Бас штабы Әскери академиясында мемлекеттің әскери қауіпсіздігі мамандығы бойынша Жоғары академиялық курстарын аяқтаған. Қорғаныс министрі лауазымына дейін Ішкі істер Министрінің орынбасары – Ұлттық ұланының Бас қолбасшысы болған.

Руслан Жақсылықов
Фото: gov.kz

Руслан Жақсылықовтың министр ретіндегі қызметі Ресей мен Украина арасындағы шиеленістермен тұспа-тұс келді. Өз кезегінде қазақстандық министр Қазақстан әскері ҰҚШҰ аясында Ресей мен Украина шекарасына бармайтынын нық айтты.

Р.Жақсылықов азаматтарды мерзімді әскери қызметке шақыру, әскери қызметшілердің мәртебесі мен оларға берілетін ақшалай қаражатты арттыру, БҰҰ миссияларына қатысу шараларына баса мән бермек. Сондай-ақ, биыл Қазақстанның ШЫҰ мен ҰҚШҰ-ға төрағалығы аясында ауқымды оқу-жаттығу жиындары, оның ішінде халықаралық деңгейдегі іс-шаралар өтеді. Оған қоса, биыл 80 жылда болмаған табиғи апат орын алды және әскери қызметшілер су тасқыны зардабын жоюда белсенді қызмет атқаруда.

Global Firepower сарапшыларының әскери қуат деңгейі бойынша биылғы рейтингісінде Қазақстан 145 елдің ішінде 58-ші орынға жайғасқан. Рейтингте 60 түрлі критерий назарға алынған. Олардың ішінде әскери бөлімшелер мен адами ресурстардың саны, қаржыландыру және технологиялық жарақтандыру бар. Былтыр Қазақстан осы рейтингте 63-ші орынды иеленген еді.

Соңғы жаңалықтар