Қазақстанның цифрландыру тәжірибесі халықаралық деңгейде мойындалды

АСТАНА. KAZINFORM - e-Qyzmet жүйесі халықаралық OPSI платформасында мойындалды, деп хабарлайды Jibek Joly телеарнасы.

Қазақстанның e-Qyzmet жүйесі халықаралық OPSI платформасында таныстырылды
Фото: Мемлекеттік қызмет әстер агенттігі

Мемлекеттік қызмет істері агенттігі мәліметінше, енді отандық платформаны әлем елдері үлгі ретінде пайдалана алады. Бұл қолданба мемлекеттік қызметке орналасқысы келетіндерге арналған.

Ол жұмыс тауып беру, сынақтан өту мен сұхбаттасу сияқты деңгейлерді де қамтиды. Азаматтар сайтқа алдымен өз түйіндемелерін бекітеді. Кейін жұмыс берушілермен байланысады. Бірақ бір қызығы, сайтта тіркелушінің аты-жөні мен түр-түсі жазылмайды. Оның орнына әр адамда жеке тіркеу нөмірі болады екен. Бұл сыбайлас жемқорлықтың алдын алуға бағытталған. Қазір бұл қолданба елдегі барлық мемлекеттік аппаратта бар.

- Жүйенің осындай платформаға шығуы біріншіден, еліміздің имиджі. Сондықтан бұл қадам былай айтқанда еліміздің бұдан әрі осы ұйымға қосылу мақсатына серпін тигізеді деп ойлаймыз, - деді Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің департамент директоры Нұрсұлтан Бекінов.

Еске сала кетейік, Президент алдағы үш жылда Қазақстанды толықтай цифрлық елге айналдыру жаңа даму кезеңіндегі басты міндеттердің бірі екенін айтқан еді.

Соңғы жаңалықтар