Қазақстанның өңірлік және жаһандық энергетикалық қауіпсіздікте үлесі артады — IRENA

АСТАНА. KAZINFORM — Энергетика саласында Қазақстан сияқты «орта» держава елдері алдыңғы қатарға шығып келеді. Бұл туралы Kazakhstan Energy Week — 2025 және XVI Еуразиялық KAZENERGY форумында IRENA-ның бас директоры Франческо Ла Камера мәлім етті. 

Франческо Ла Камера
Фото: Солтан Жексенбеков/ Kazinform

— Қазір жаһандық энергетикадағы маңызды кезеңде тұрмыз. Төмен көміртекті экономикаға көшу, геосаясаттың өзгеруі және энергияны жеткізу тізбегін әртараптандыру қадамдары энергетикалық тәртіптің өзгеруіне ықпал етіп отыр. Осы өзгермелі жағдайда Қазақстан сияқты «орта» держава елдері алдыңғы қатарға шығып келеді. Қазақстан тұрақты және қауіпсіз энергетикалық ландшафтты қалыптастырудың белсенді қатысушысына айналып жатыр. Қазақстанның ықпалын мол табиғи ресурстарды, өнеркәсіптік әлеуетті және елдің түрлі мүмкіндіктерге бейімделу қабілетін ескере отырып атап өтуге болады, — деді Франческо Ла Камера.

Оның айтуынша, қазір жаңартылатын энергия көздері қарқынды түрде дамып келеді және жыл сайын жаңа қуаттар қосылып жатыр. Бұл тұрғыда әлем елдері таза энергетикаға көшуге ерекше екпін қойып отыр.

— Қазір күн және жел энергиясының құны арзандап келеді. Сондықтан климаттың өзгеруі жағдайында аталған энергия көздерінің бәсекеге қабілеттігі артады. Атап айтқанда, дәл осы себепті «орта» державалар маңызды рөл атқарады, өйткені орта державалар жаһандық дәліздердің тұрақтылығы мен гүлденуін қамтамасыз ете отырып, халықаралық ынтымақтастыққа әсер ете алады. Орта державалар энергияны жеткізуді әртараптандыру және қазба отын бағасының құбылмалығына тәуелділікті азайту арқылы энергетикалық қауіпсіздікті нығайта алады. Шығыс пен Батысты жалғап тұрған Қазақстан жаңа тәртіпті қалыптастыру үшін ерекше жағдайға ие. Инфрақұрылымға инвестиция салу, инновацияларды ынталандыру және қаржыландыруды тарту арқылы Қазақстан өзінің бүкіл энергетикалық балансын әртараптандырып, өңірлік және жаһандық энергетикалық қауіпсіздікті нығайтуға елеулі үлес қоса алады, — деді IRENA-ның бас директоры.

Бұдан бұрын хабарланғандай, бүгінгі форумда Үкімет басшысы Олжас Бектенов Қазақстан Орталық Азиядағы ең ірі полимер өндіруші елге айналатынын айтты

Соңғы жаңалықтар