Қазақстанның оңтүстігінде пайда болатын «Алатау» қаласы туралы не білеміз

Алматыдан солтүстікке қарай 47 шақырым жерде орналасқан Жетіген ауылы жуырда облыстық маңызы бар қалаға айналмақ. Таяуда ел Үкіметінің тиісті қаулысының жобасы жалпыхалықтық талқылауға шығарылды, құжатта оның атауын «Алатау» деп өзгерту ұсынылған. Бұл туралы жергілікті халық не дейді және ауылдың бүгінде келбеті қандай? Kazinform осы сауалдарға жауап іздеп көрді. 

Жетіген
Фото: Александр Павский / Kazinform

Жетіген — Алматы облысы Іле ауданында орналасқан ауыл

Ауылдың тарихы тереңде – Николаевка атындағы колхоз ХХ ғасырдың соңына қарай, яғни 1993 жылы Қазақстан Республикасының ономастикалық комисссиясының шешімімен Жетіген ауылы деп ауыстырылды. Бүгінде онда 25 мыңнан астам адам тұрады. 

Жетіген
Фото: Александр Павский / Kazinform

Мұнда Жетіген теміржол вокзалы, аэродром, әскери бөлімдер, екі қабатты тұрғын үйлер, бірнеше сауда орталығы мен әкімшілік ғимараты бар. Әлеуметтік нысандарға мектептер мен емхана, спорт залы, дүкендер, дәмхана, мейрамханалар, мешіт және шіркеу кіреді. 

Жетіген ауылдық округінің аумағы айтарлықтай үлкен – жалпы ауданы 151 218 гектар. 

қала статусы беріледі
Фото: Александр Павский / Kazinform

Округ құрамына 5 елді мекен кіреді: Жетіген, Жаңа-арна ауылы, Еңбек, Құйған және Қайрат ауылы. Болашақта олардың барлығы біріктіріліп, бір қалаға айналады. Сол кезде халық саны 50 мыңнан асады деп жоспарлануда. 

«Қазір қаулы жобасы талқыланып жатыр. Одан кейін қала мәртебесін беру және әкімшілік-аумақтық құрылымды өзгерту туралы шешім қабылданады. Жетігеннің мәртебесі өзгерсе, инфрақұрылымымыз қарқынды дамиды деп ойлаймыз. Бұл ауылдық жер және мұнда негізінен жеке тұрғын үй құрылысы, жеке сектор басым. Соңғы жылдары бой көтерген бұл жаңа ғимараттардың барлығы абаттандыруды қажет етеді», – дейді Жетіген ауылдық округінің әкімі Нұрлан Әбілев. 

Жетіген ауылы
Фото: Александр Павский / Kazinform

Ауылдық округтің басты мәселесі – асфальт пен аурухананың жоқтығы

«Бізде шешімін таппаған өзекті мәселелер бар. Соның бірі – аурухана құрылысы. Бұл үшін біз жергілікті атқарушы орган ретінде барлығын жасадық. Жер телімін бөлдік, жоба әзірледік, бірақ оны жүзеге асыру үшін қаржы қажет», - деqді әкім.

Жетіген ауылы
Фото: Александр Павский / Kazinform

Жетігенде 25 төсекке арналған бір аурухана, сондай-ақ дәрігерге дейінгі алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсететін төрт фельдшерлік-пункт (ауданның әрбір елді мекенінде) жұмыс істейді.

Әкім жол мәселесіне жеке тоқталды

«Ауылда жол мәселесі әлі өзекті. Биыл жаңа ықшамауданға су құбырын тарту бойынша барлық жұмысты аяқтадық. Енді келесі жылдан бастап осы жолдарды қолға алып, жол жамылғысын қалпына келтірмекпіз. Біз бірнеше жылдан бері жолды дамыту мәселесін көтеріп келеміз. Алда көп жұмыс бар, жобаларды кезең-кезеңімен жүзеге асырамыз», - деді әкім. 

Жетіген ауылы
Фото: Александр Павский / Kazinform

Сонымен қатар ауылдық округте бүгінгі таңда 6 орта мектеп болса, оның 3-еуі Жетіген ауылында орналасқан. Жергілікті билік «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында Еңбек ауылында 600 орындық мектеп салуды жоспарлап отыр. Сондай-ақ ауданда бір мемлекеттік, 11 жекеменшік мектепке дейінгі мекеме бар.

«Жетіген ауылында да мәдениет ошағын салуды жоспарлап отырмыз. Қазір жоба сараптамадан өтуде», - дейді әкім. 

Ауылда шағын және орта бизнес дамыған. Биыл Орталық Азия елдерімен және Қытаймен жүк тасымалын дамытуға ықпал ететін «Жетіген» ірі көлік-логистикалық орталығы ашылды.

Жетіген ауылы
Фото: Александр Павский / Kazinform

Аудан халқы негізінен жеміс-жидек, көкөніс, егін, мал шаруашылығымен айналысады. Аудандағы ауыл шаруашылығы жерлерінің жалпы көлемі – 91 597 гектар.

Жетіген
Фото: Александр Павский / Kazinform

«Жетігенде туып-өстім. Мал және егін шаруашылығымен айналысқаныма 30 жылдан асты. Жәрмеңкелерде ет сатамыз. Қазір үш адамды жұмыспен қамтып отырмын. Олардың әрқайсысына айына 500 доллардан төлеймін, жұмыс оңай емес, көп физикалық еңбек пен уақытты қажет етеді, оған көп адам келіспейді. Бірақ адам өз ісіне сүйіспеншілікпен қарайтын болса, оның жолы болады», – дейді шаруа қожалықтарының бірінің иесі Әлім Қараев.

Жетіген
Фото: Александр Павский / Kazinform

Ол өз кезегінде Жетіген ауылын облыстық маңызы бар қала санатына ауыстыру жобасына қатысты ойын айтты.

«Бұл керемет жаңалық. Ауылымыз қалаға айналса нұр үстіне нұр болар еді. Бұл дамудың мүмкіндігі», - деді ол.

Жетіген
Фото: Александр Павский / Kazinform

Ақжолтай хабарды ауыл тұрғындары қуанышпен қабылдап жатыр

«Мен Жетігенде 1971 жылдан бері тұрамын. 50 жыл тігінші болып жұмыс істедім. Сондықтан мен бұл жерді жақсы білемін, мұнда түрлі ұлт өкілдері тату-тәтті өмір сүріп жатыр. Ауыл бірте-бірте дамып келеді, біздің көшеге газ құбыры, жарық, су тартылды. Бізде бәрі бар. Жақында ауылымыз қалаға айналып, Алатау атанады дегенді естідік. Әр өңірден достарым, туыстарым телефон соғып, құттықтап жатыр. Мәртебесі өзгерсе, елді мекеніміз одан әрі дамып, көркейе береді деп ойлаймын. Көңіл бөліп, қолдау көрсеткен әкімдікке, Мемлекет басшысына рахмет», – дейді 79 жастағы Сақыш Құрабаева.

Жетіген
Фото: Александр Павский / Kazinform

Селолық округтің тағы бір құрметті азаматы 85 жастағы Құрманжан Атшиев өз пікірін білдірді.

Жетіген
Фото: Александр Павский / Kazinform

«Мен осы ауылдың байырғы тұрғынымын. Ауыл жақсы жаққа өзгеріп жатыр. Бұрын бұл жерде негізінен көкөніс өсіруге маманданған көкөніс-сүт совхозы болған. Жалпы, Жетіген жақсы жер. Жақында қалаға айналса, одан әрі дамитыны сөзсіз. Мұнда жаңа зауыттар мен фабрикалар салып, жұмыс орындарын ашып, жастарды тарту керек», - дейді ауыл ақсақалы.

Жетіген
Фото: Александр Павский / Kazinform

Еске сала кетейік, бұған дейін Алматы облысына қарасты Жетіген ауылы облыстық маңызы бар қала санатына ауыстырылатыны туралы жазған болатынбыз. 

Соңғы жаңалықтар