Қазақстанның шикізаттық емес экспорты: металлургия саласы көш бастады

АСТАНА. KAZINFORM – 2024 жылы Қазақстанның шикізаттық емес өнімдері арасында экспорттың ең жоғары өсімін металлургия саласы көрсетті. Атап айтқанда экспорт көлемі 16,9 млрд АҚШ долларына жетті, деп хабарлайды Kazinform агенттігі.

металлург
Фото: Ақтөбе облысының әкімдігі

– 2024 жылы шикізаттық емес салалар арасында экспорттың ең жоғары өсімін, сөзсіз, металлургия саласы көрсетті. Оның экспорт көлемі 16,9 млрд АҚШ долларын құрады. Бұл көрсеткіш оны өңдеуші өнеркәсіптің барлық бағыттарының ішінде абсолютті көшбасшы етті. Бұл – қазақстандық металл өнімдерінің бәсекеге қабілеттілігі жоғары екенін және оларға сыртқы сұраныстың тұрақты екенін көрсетеді, – деп хабарлады Сауда және интеграция министрлігі Kazinform агенттігінің ресми сауалына жауап ретінде.

Министрлік деректеріне сәйкес, Қазақстан бүгінде сенімді азық-түлік өнімдерін жеткізуші ретінде өз позициясын нығайтып келеді. Әсіресе көршілес елдер және Таяу Шығыс елдері нарығында алар орны бөлек. Осының арқасында азық-түлік өнеркәсібінің экспорты 2,8 млрд АҚШ долларына жетті.

Сондай-ақ, машина жасау саласын атап өткен жөн – оның экспорты 2,2 млрд. АҚШ долларын құрады.

Химия және мұнай-химия өнеркәсібі де елеулі үлес қосты: олардың экспорт көлемі тиісінше 1,9 және 1,5 млрд АҚШ долларына жетті.

– Бұл екі сала ел экспортын әртараптандыруда маңызды рөл атқарады. Осылайша, 2024 жылы шикізаттық емес тауарлардың экспортында өңдеуші секторлар тұрақты өсім көрсетті, бұл Қазақстандағы индустрияландыру мен өңдеуді дамыту жөніндегі стратегиялық мақсаттарға сай келеді, – деп мәлімдеді министрлік.

Айта кетейік, бұған дейін Қазақстан қандай шикізат емес тауарларды экспорттайтынын жаздық.

Соңғы жаңалықтар