Қазақстанның Сыртқы істер министрі Қытайға ресми сапармен барды
АСТАНА. KAZINFORM – ҚР Сыртқы істер министрі Ермек Көшербаев Қытай Халық Республикасына ресми сапармен барды.
ҚР Сыртқы істер министрлігінің хабарлауынша, бүгін Қазақстанның Сыртқы істер министрі Бейжіңде Қытай Коммунистік партиясы Орталық комитеті Саяси бюросының мүшесі, Қытай Халық Республикасының Сыртқы істер министрі Ван Имен кездескен.
Қазақстан мен Қытай арасындағы дипломатиялық қатынастар 1992 жылдың 3 қаңтарында орнаған. Бейжіңдегі Қазақстан Республикасының Елшілігінен бөлек, Шанхайда, Сианьда, Гуанчжоуда, Гонконг арнайы әкімшілік аумағында консулдықтар ашылған және Үрімшіде паспорт-виза қызметі жұмыс істейді. Ал Қазақстан астанасында Қытай Халық Республикасының Елшілігі және Алматы мен Ақтөбе қалаларында ҚХР Бас консулдығы қызмет атқарады.
Негізгі саяси жетістіктер қатарында шекара мәселесінің толық реттелуі мен екіжақты қатынастардың мәңгілік жан-жақты стратегиялық әріптестік деңгейіне көтерілуін айтуға болады. Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Қытай Халық Республикасының Төрағасы Си Цзиньпин ресми сапарлар мен түрлі басқосуларда 9 рет кездескен.
2025 жылғы қаңтар-тамыз айларында екі ел арасындағы тауар айналымы 21,1 млрд долларға жеткен. Оның ішінде: экспорт – 9,4 млрд доллар импорт – 11,7 млрд доллар.
Қазақстаннан Қытайға негізінен минералдық өнімдер, отын-энергетикалық тауарлар, металлдар және химия өнеркәсібінің өнімдері экспортталады. Ал Қытайдан Қазақстанға машиналар, жабдықтар, көлік құралдары, аспаптар мен құрылғылар, химия және оған байланысты салалардың өнімдері, металлдар мен металл бұйымдары, тоқыма және тігін бұйымдары, аяқ киім, бас киімдер және галантерея импортталады.
ҚР Ұлттық банкінің мәліметінше, 2005-2025 жылдары Қытайдың Қазақстан экономикасына салған тікелей инвестицияларының жалпы көлемі 29,24 млрд доллар болған. Өз кезегінде Қазақстан Қытай экономикасына 918,9 млн доллар инвестиция салған.
Қытай Қазақстанға тартылған шетелдік инвестициялар көлемі жөнінен 3-орында тұр (Нидерланд – 2,28 млрд $, Ресей – 1,14 млрд $) және таза инвестициялар ағыны бойынша Қатардан кейін 2-орында. Қазіргі таңда Қазақстан-Қытай бірлескен инвестициялық жобаларының бірыңғай тізіміне жалпы сомасы 66,4 млрд доллардан асатын 224 жоба енгізілген.
Қазіргі уақытта Қазақстан мен Қытай арасында 15 бағыт бойынша 83 әуе рейсі ұшады. Екі ел азаматтары жеке істер, туризм, емделу, халықаралық тасымал, транзит және іскерлік сапарлар үшін 30 күнге дейін визасыз жүре алады.
2025 жылғы қаңтардағы жағдай бойынша Қытайда 4200 қазақстандық студент оқып жүр, оның ішінде 459-ы ҚХР үкіметінің грантын алған. Ал Қазақстанда 2089 қытайлық студент оқиды.
Қытайдың 7 жоғары оқу орнында (Бейжің, Шанхай, Далянь, Тяньцзинь, Сиань және Ханчжоу қалаларында) «Қазақстан орталықтары» ашылған. Бейжіңде, Шанхайда және Сианьда қытай студенттері «қазақ тілі мен әдебиеті» мамандығы бойынша білім алады.
2024 жыл Қытайда «Қазақстан туризм жылы» ретінде өтті және былтыр Қытайдан Қазақстанға 655 мың турист келді. Ал 2025 жыл «Қытай туризм жылы Қазақстанда» деп жарияланса, 2026 жыл – Қазақстан мен Қытай мәдениетінің өзара жылы болып өтпек.
Еске сала кетсек, 23 қазанда Сыртқы істер министрі Ермек Көшербаев РФ Сыртқы істер министрі Сергей Лавровтың шақыруымен Мәскеуге ресми сапармен барған еді.
Сонымен бірге, ҚР СІМ Таиланд пен Камбоджа арасындағы бірлескен декларацияға қатысты мәлімдеме жасады.