Қазақстанның тарихи орындарын ЮНЕСКО-ға енгізуге не кедергі

Аида Балаева
Фото: Виктор Федюнин / Kazinform

АСТАНА. KAZINFORM – Отырар, Сығанақ, Күлтөбе-Яссы, Жанкент, Сауран, Жеті Асар тарихи орындарын ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мұра тізіміне енгізу жұмыстары жалғасуда. Бұл туралы ҚР Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева айтып берді.

«Бүгінгі таңда елімізде 12 музей-қорық бар. Қазір туризмнен түсіп отырған пайданың қомақты үлесі де сол мұражай-қорықтардың еншісінде. Десе де, біз осы потенциалды әлі де толық пайдаланбай келеміз. Тіпті, шетелдіктерді былай қойғанда, олардың табалдырығын аттамаған қаншама отандастарымыз бар», - деді А. Балаева Қазмедиа орталығында министрліктің алқа отырысында.

Министрлік музей-қорықтардың ұлттық маршрутын мәдени-рухани мазмұнмен күшейту мәселесін қолға алмақ. Ол үшін арнайы тұжырымдама жасалады. 
Сонымен бірге, Қазақстандағы тарихи-мәдени нысандарды ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мұра тізіміне енгізу жұмыстары жалғасуда.

«Осы мақсатта Отырар, Сығанақ, Күлтөбе-Яссы, Жанкент, Сауран, Жеті Асар тарихи орындарының тиісті құжаттары әзірленген болатын. Бұл жұмыс оңай болып жатқан жоқ, өйткені, ЮНЕСКО-ның ең маңызды талаптарының бірі – жәдігердің физикалық жағдайы. Әрине, бізге жергілікті органдардың көмегі ауадай қажет, әсіресе музей-қорықтар мен тарихи-мәдени объектілер аумағын абаттандыру, жол жүргізу, жөндеу, ескерткіштерге апаратын жол көрсеткіштерді, интернет жүйелерін, модульдік дәретханалар орнату секілді инфрақұрылымды дамыту немесе сапасын жақсарту бойынша белсенді жұмыстар жүргізу керек», - деді Мәдениет министрі. 

А. Балаева бұл бастаманың жергілікті халық үшін үлкен экономикалық пайдасы барын естен шығармауды айтты.

Соңғы жаңалықтар