Қазақстанның тәжірибесі ШЫҰ қызметіне серпіліс берді – өзбекстандық сарапшы
ТАШКЕНТ. KAZINFORM – Қазақстан Шанхай ынтымақтастық ұйымының (ШЫҰ) белді мүшесі ретінде оның дамуы мен қызмет бағытын айқындауға зор үлес қосты. Өзбекстандық сарапшы, ӨР Ғылым Академиясының Мемлекет және құқық институтының аға ғылыми қызметкері Равшан Назаров еліміздің ШЫҰ-ға төрағалық етуіне қатысты осындай пікір білдірді, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің Ташкенттегі меншікті тілшісі Әлихан Асқар.
Сарапшы атап өткендей, Қазақстанның халықаралық ұйымдарға төрағалық етуде тәжірибесі мол. Атап айтқанда, еліміз бұған дейін Тәуелсіз мемлекеттер достастығы, Еуразиялық экономикалық одақ, Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымы сияқты құрылымдарға жетекшілік етті.
«Қазақстан ШЫҰ-ның белді мүшесі ретінде оның дамуына және қызмет бағытын нақтылауға зор үлес қосты. Бұл орайда атап өтетін ерекшелік бар: ШЫҰ мемлекеттері басшыларының ішінде тек Қасым-Жомарт Тоқаев қана кәсіби дипломат саналады. Сондықтан осы бағыттағы Қазақстанның тәжірибесі төрағалық ету кезінде айрықша сезілді, ұйымның қызметіне серпіліс берді», - деп баға берді сарапшы.
Равшан Назаровтың сөзінше, өңір елдерінің ШЫҰ-ға қызығушылығы жыл сайын артып келеді. Бұл ретте, ол осыдан 2 жыл бұрын ұйымға Иран Ислам Республикасының мүше болғанын ерекше атап өтті.
«Иранның ШЫҰ-ға толық мүше болуы ұйымның салмағын арттырып, беделін көтеруге ықпал етті. Сонымен қатар, қазіргі уақытта Беларусь те бұл құрылымның қатарын толықтыруға ниетті екенін мәлімдеп жатыр. Алғашында «Шанхай бестігі» болып құрылған ұйым шекара мәселелерін шешумен айналысты. Кейін оған Өзбекстан қосылып, ШЫҰ ауқымды құрылымға айнала бастады», - деді Р. Назаров.
Бастапқыда ШЫҰ-ның қызметі аймақтық қауіпсіздік мәселелерін шешуге бағытталса, қазіргі күні ол әлеуметтік-экономикалық ынтымақтастыққа ойысып келеді. Сарапшы ұйымға мүше елдердің әлеуеті мол екенін ескере отырып, сол мүмкіндікті бірлесе дамуға негіздеу маңызды екеніне тоқталды.
«Жер шарының жарты халқы ШЫҰ-ға мүше елдердің үлесінде. Бұл ұйымның перспективалы екенін білдіреді. Сондықтан Астанада өтетін саммитте қабылданатын маңызды құжаттар осы мүмкіндіктерді ескереді деп сенеміз. Бұл ретте, мемлекет басшылары ШЫҰ аясындағы алдағы ынтымақтастықтың бағдары ретінде әлеуметтік-экономикалық және мәдени-гуманитарлық салаларға басымдық беруі ықтимал», - деп түйіндеді Равшан Назаров.
Еске салайық, 3-4 шілдеде Астанада Шанхай ынтымақтастық ұйымының саммиті өтеді. Оның қорытындысы бойынша бірнеше маңызды құжатты қабылдау жоспарланып отыр.
Қоса кетсек, саммит өтетін аралықта елорданың әуе кеңістігі күшейтілген режимде күзетіледі. Сондай-ақ, Астана қаласының төңірегіне блок-посттар қойылып, діни нысандар бақылауға алынды.