Қазақстанның үздік қымыз өндірушілері анықталды

АСТАНА. KAZINFORM – Астанада өткен ауқымды «BaiQymyz – бапталған қымыз» гастрофестивалі өз деңгейіне жетті.

фестиваль
Фото: Бейбарыс Ануар

Ұйымдастырушылардың мәліметінше, қазақтың ұлттық сусыны – қымызға арналған бұл мәдени іс-шара екі күн бойы 70 мыңнан астам қонақты қабылдап, қазақи рухтағы дәм мен дәстүрдің мерекесіне айналды.

фестиваль
Фото: Бейбарыс Ануар

Фестивальдің ең маңызды сәттерінің бірі – еліміздің түкпір-түкпірінен келген қымыз өндірушілер арасында өткен «Ең үздік қымыз» байқауы болды. Жеңімпаздар фестиваль қонақтарының дауыс беруі арқылы анықталып, қомақты қаржылай сыйақымен марапатталды.

«Ең үздік қымыз» байқауының жеңімпаздары:

• І орын – Абай облысы Саржал ауылынан «Жаныс» шаруа қожалығы – 20 млн теңге

• ІІ орын – Қарағанды облысы Қарқаралы ауданынан «Қарынши» шаруа қожалығы – 15 млн теңге

• ІІІ орын – Ақмола облысынан «Қабдулин» шаруа қожалығы – 10 млн теңге.

Сондай-ақ арнайы номинациялар бойынша да үздіктер марапатталды:

• «Алтын күбі» номинациясы – Қарағанды облысы, «Батыр рух» – 1 млн теңге

• «Алтын қор» номинациясы – Ұлытау облысы, «Nomad milk» – 1 млн теңге

• «Күміс торсық» номинациясы – Абай облысы, «Әділ қымыз» – 500 000 теңге

• «Текті сусын – Күміс шара» номинациясы – Ақмола облысы – 500 000 теңге.

фестиваль
Фото: Бейбарыс Ануар

Одан бөлек фестиваль аясында «Ер қанаты» атты жылқы көрмесі өтті. Аталған іс-шараны 3 000-нан астам адам тамашалады.  Элиталы тұқымдар – гонновер, таза қанды ағылшын, орыс желісті, ахалтеке жылқылары мен қазақы тұқымдар: жабы, мұғалжар, қостанай, бесқарағай және «Ұлы дала жорығы» бәйгесінің чемпиондары келушілер назарын аудартты.

Көрме жеңімпаздары:

• «Қазақтың ең сұлу жылқысы» номинациясы – Мұғалжар тұқымы

• «Қазақтың ең жүйрік жылқысы» номинациясы – Қостанай тұқымы

Еске салсақ, елордада «BaiQymyz» ұлттық тағамдар гастрофестивалі өтті.

Байқаудың мақсаты — еліміздегі ең сапалы әрі шипалы қымызды анықтау. Негізгі мақсат — қымызды денсаулық пен қонақжайлықтың символы ретінде таныту, сонымен қатар агротуризм мен жылқы шаруашылығын дамытуға серпін беру.

Сондай-ақ қымыз фестиваліне ел өңірлерінен 30 тоннаға жуық қымыз әкелінді, осы орайда ұйымдастырушылар рекорд орнағанын айтып отыр. 

Соңғы жаңалықтар