Қазақстанның берген жәрдемі зілзаланың ауыр салдарымен күрес кезінде халқымызға зор қолдау болды - Ердоған

АСТАНА. ҚазАқпарат - Мемлекет басшысының атына Түркия Президенті Режеп Таийп Ердоғанның алғыс хаты келіп түсті, деп хабарлайды ҚазАқпарат Ақордаға сілтеме жасап.
None
Фото: akorda.kz

Түркия Президенті Режеп Таийп Ердоған өзінің хатында Түркияның Қахраманмараш провинциясы мен басқа да елді мекендеріне орасан зор зардабын тигізген жойқын жер сілкінісіне байланысты бауырлас елдің қайғысына ортақтасып, көңіл айтқаны, сондай-ақ жедел көмек көрсеткені үшін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевқа Түркия халқының және жеке өзінің атынан алғыс айтқан.

– Осындай табиғи апат кезінде достас елдердің жанымыздан табылуы қиындыққа қарсы тұруға күш береді. Қазақстанның берген жәрдемі жер сілкінісінің ауыр салдарымен күрес кезінде халқымызға зор қолдау болды. Еліңіздің іздестіру-құтқару тобы үйінді астында қалған адамдарды аман сақтап қалу үшін аянбай еңбек етіп, ерік-жігер танытқанын әрдайым ризашылықпен еске аламыз, – деп жазылған алғыс хатта.

Сонымен қатар Режеп Таийп Ердоған Қасым-Жомарт Тоқаевқа және достас әрі бауырлас Қазақстан халқына амандық пен бақ-береке тіледі.

Еске сала кетейік, Түркиядағы жер сілкінісінен кейін Қазақстаннан 100-ден астам маман көмекке барды. Еліміздің бауырлас елге гуманитарлық жәрдемі туралы егжей-тегжейлі шолуды мына сілтемеден оқуға болады.
Соңғы жаңалықтар