Қазақстанның гуманитарлық жүк тиеген ұшағы Газиантепке қонды

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Қазақстанның гуманитарлық жүк тиеген ұшағы Түркияның Газиантеп қаласына қонды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Түркияның Сыртқы істер министрі Мевлют Чавушоғлы Қазақстаннан гуманитарлық жүк жеткізілген арнаулы бортты өзі келіп қарсы алды.

Сонымен қатар ол әуежайда Қазақстанның Түркиядағы Төтенше және Өкілетті елшісі Еркебұлан Сапиевпен жүздесті.

Мевлют Чавушоғлы жеткізілген көмекке ризашылығын білдіріп, құтқарушыларға, журналистерге, Елшілік қызметкерлеріне ізет көрсетті.

Гуманитарлық жүк Мемлекет басшысының тапсырмасымен бүгін таңертең Түркияға жөнелтілген болатын. Жүктің ішінде жойқын зілзаладан зардап шеккендерге көмек көрсетуге арналған шатырлар, жылытқыштар, жылы киімдер және басқа да қажетті заттар бар. Гуманитарлық көмектің жалпы көлемі 55 тоннаны құрайды.

Сонымен қатар Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес Үкімет жойқын жер сілкінісі салдарынан зардап шеккен Түркия Республикасына гуманитарлық көмек ретінде 1 млн доллар бөлді.

Ал қазақстандықтар Түркиядағы жойқын зілзаладан зардап шеккендерге 3,6 млн доллардан астам қаражат жинап берді.

Бүгін Қазақстаннан гуманитарлық жүк тиелген ұшақ Түркияның Газиантеп қаласына ұшып шыққанын жазған болатынбыз.


Соңғы жаңалықтар