Қазақстанның Румыния және Словениядағы Елшілері тағайындалды

None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Президенттің Жарлығымен Қазақстанның Румыниядағы және Словениядағы Елшілері тағайындалды, деп хабарлайды ҚазАқпарат Ақордаға сілтеме жасап.

Мемлекет басшысының жарлықтарымен:

Ерлік Шәкірұлы Әли Қазақстан Республикасының Румыниядағы Төтенше және Өкілетті Елшісі болып тағайындалды, ол Қазақстан Республикасынан Шанхай ынтымақтастығы ұйымы қызметінің мәселелері жөніндегі Ұлттық үйлестіруші лауазымынан босатылды;

Фото: gov.kz

Қазақстан Республикасының Аустрия Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі, Қазақстан Республикасының Вена қаласындағы халықаралық ұйымдар жанындағы Тұрақты өкілі Әлібек Әсетұлы Бақаев Қазақстан Республикасының Словения Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі қызметін қоса атқарушы болып тағайындалды.

Фото: gov.kz

Бүгін сондай-ақ Президент Жарлықтарымен: Нұрбах Рүстемов Қазақстан Республикасының Румыниядағы Төтенше және Өкілетті Елшісі лауазымынан босатылды. Ал Алтай Әбибуллаев Қазақстан Республикасының Хорватия Республикасындағы Елшісі, Қазақстан Республикасының Босния және Герцеговинадағы, Черногориядағы Елшісі қызметін қоса атқарушы лауазымдарынан босатылды.

Ерлік Шәкірұлы Әли 1962 жылы 11 наурызда дүниеге келген. 1984 жылы Тимирязев атындағы Ауылшаруашылығы академиясын, 1991 жылы ҚазКСР Ғылым академиясының Экономика институтын бітірген.

Еңбек жолын 1984 жылы Қарағанды облысындағы Ростовка ауылында директордың орынбасары болып бастаған.

1986-1992 жылдары ҚазКСР Ғылым академиясының Экономика институтында аспирант, ғылыми қызметкер болды.

1992-1993 жылдары – «Казкоммерцбанкта» Валюта басқармасының аға маманы.

Дипломатиялық қызметін 1993 жылы ҚР СІМ Экономикалық ынтымақтастықты ұйымдастыру бөлімі меңгерушісінің орынбасары болып бастады.

1994-1998 жылдары – Египет Араб Республикасындағы ҚР Елшілігінің бірінші хатшысы.

1998-2002 жылдары ҚР СІМ орталық аппаратында Халықаралық экономикалық ұйымдар басқармасында, Халықаралық экономикалық ынтымақтастық департаментінде жұмыс істеді, Алматы қаласындағы ҚР СІМ өкілдігінде саяси топ бөлімін басқарды және ҚР СІМ Еуропа және Америка департаментінде Орталық және Шығыс Еуропа бөлімінің бастығы қызметін атқарды.

2003-2006 жылдары – Литва Республикасындағы ҚР Елшілігінің кеңесшісі.

2006-2008 жылдары ҚР СІМ Көпжақты ынтымақтастық департаментінде басқарма бастығы болып қызмет атқарды.

2008 жылы ҚР СІМ Жалпыазиялық ынтымақтастық департаменті директорының орынбасары болып тағайындалды және 2009 жылдан 2014 жылға дейін осы департаментті басқарды.

2014-2019 жылдары – Қазақстан Республикасының Эфиопия Федеративтік Демократиялық Республикасындағы Елшісі.

Қазақстанның Румыниядағы Елшісі болып тағайындалғанға дейін 2019 жылдан бастап ҚР СІМ Ерекше тапсырмалар жөніндегі елшісі, Қазақстан Республикасынан Шанхай ынтымақтастық ұйымының қызметі мәселелері жөніндегі ұлттық үйлестіруші болды.

I сыныпты Төтенше және Өкілетті Уәкіл дипломатиялық дәрежеге ие.


Соңғы жаңалықтар