Қазақтардың әр табиғи құбылысқа өз атауы бар
ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM – Көшпелі тұрмыс-салты бар қазақ халқының өмірінде табиғат құбылыстары ерекше орын алған. Табиғаттың өзгерістеріне, әртүрлі табиғи құбылыстарға атау берген. Филология ғылымдарының докторы, профессор Нұргелді Уәли Kazinform агенттігіне маусымдық құбылыстарды сипаттау үшін қолданылатын халықтық метеорология және қазақ терминдері туралы айтып берді.

Алтын күрек
Қыстың соңғы қарын ұшырып әкететін желді «алтын күрек» деп аталады. Осы уақытта егіншілер «Көктен жаудыр, жерден өндір» деп тілек тілеп, егіске дайындықты бастайды.
Бесқонақ
Бұрындары бес-жеті күнге созылған және жаңбырмен, батпақпен, желмен және суықпен бірге жүретін ауа райы құбылысын «бесқонақ» деп атады. Ол 17-21 наурыз аралығында өтті.
Халықтық этимологияға сәйкес, «түнде келе жатқан бес жолаушы ауылдың шетіндегі жалғыз үйді көріп, түнеп шықпақ болады. Ертеңіне олар сапарларын жалғастырмақ болғанда кенеттен дауыл соғып, алдымен жаңбыр жауады, содан кейін қатты дауыл тұрады. Салдарынан бес қонақ бұл үйде бір аптаға жуық жатуға мәжбүр болады». Осылайша: «Бесқонақ өтпейінше, көктем келмейді» деген сөз пайда болды.
Бұл құбылыс туралы білетін қазақтар осы кезеңге әрдайым дайын отырды, алыс сапарға шықпайды және малды алыс жайылымға жібермейді. Алайда, табиғаттағы бұл құбылыстың болуын жақсылыққа балады. Ол бойынша қазақтар алдағы жазды болжады. Бесқонақ неғұрлым күшті болса, жаз соғұрлым жылы, жаңбырлы болады. Ал бесқонақтан кейін қазақтар жазғы жайлауға көшуді бастады.
Самарқанның көк тасы еріген күн
22 наурыз - шығыс күнтізбесі бойынша жыл басы, күн мен түн теңелетін шақ. Бұл күн халық арасында «Самарқанның көк тасы еріген күн» деп аталды. Бұл бүкіл табиғаттың оянып, тоңы жібитін кез. Осыдан бастап күн жылынып, қар ериді, шуақты күндер көбейеді.
Өліара шақ
Бұл аспандағы айдың жаңасы туғанға дейін бір-екі күнге жоғалып кететін кезең. Бұл құбылыс бойынша адамдар келесі айға ауа райын болжады.
Құс қанаты
«Құс қанаты» – бұл наурыздың соңғы күндерінде, жыл құстары қайтып келгенде болатын табиғи құбылыс. Осы уақытта ауа райы тұрақсыз болады: қар жауады, суық жел соғады. Мұнда құс қанаты туған жерге оралуға деген ұмтылысты білдіреді. Олардың жылдам ұшуы ауа райына әсер етіп, қарды, суық желді және тұрақсыз атмосфераны тудыруы мүмкін деп саналады.
Аласапыран
Ерте көктем мезгілі, ауа райы күрт өзгереді, біресе қар жауады, оны жаңбыр алмастырады, тұман түседі. Сәуірде қар қарқынды ери бастап, жер лайсаң болады. Бұл құбылыс «аласапыран» деп аталады.
«Қызырдың қамшысы шартылдады»
Сәуір айының ортасынан асқан шақта алғаш рет күн күркіреп, найзағай ойнап, жаңбыр жауады, жер бусанады. Мұны халық: «Қызырдың қамшысы шартылдады», яғни қыс кетті деп есептейді.

Тобылғы жарған
Сәуір айының соңында екі-үш күнге созылатын суық жел соғады. Бұл құбылыс өсімдіктердің тамыр жая бастағанын, алғашқы көктің шығуын білдіреді.
Бес ешкімнің суығы
Бұл күтпеген жерден келетін суық жел. Мұндай жел сәуірдің аяғы мен мамырдың басында бес күн бойы соғады. Ол аяқталғаннан кейін нағыз жылу келеді.
Құралайдың салқыны
Бұл сәуірдің аяғы мен мамырдың басында, ал Қазақстанның солтүстігінде шамамен мамырдың 20-сынан кейін басталып, он шақты күнге созылатын салқын кезең. Бұл күндері қара суық, ызғырық жел еседі не жауын-шашынды болады. «Құралайдың салқыны» аталу себебі, бұл кезде киіктер төлдеп, құралайының кіндігі түседі. Бұған соққан қатты суық жел жәрдемдеседі. Бір қызығы, даланы кезген барлық киік осы екі-үш күннің ішінде төлдеп үлгереді.
Жеті амал
«Жеті амал» терминін бұрын көбінесе аспанға қарап, алдағы ауа райын болжайтын адамдар қолданған. Олар көптеген табиғи құбылыстарды мұқият бақылап, ауа райы туралы ұзақ мерзімді болжам жасай алды. Ыбырай Алтынсарин келтірген мәліметтерге сәйкес, халық астрономдары аштықты алдын-ала болжап, адамдарға ескерту жасаған. Шаруалар қыстың суық немесе жылы болатынын, көктем мен жаздың қалай өтетінін, жауын-шашынның қандай болатынын білу үшін халық астрономдарына жүгінді.
Жеті амалға:
- Күннің тоқырауы - қысқы және жазғы күннің теңелуі;
– Қарашаның қайтуы – құстардың жылы жаққа ұшып, күз басталатын уақыт;
- Үркердің батуы – үркер 10-шы мамырда батып, 20-шы маусымға дейін көрінбейтін 40 күн аралығы. Бұрын «үркер жерге түспей жер қызбайды», «үркер суға түссе, жаз жаңбырлы болады» деген екен;
- Мұздың қатуы - өзендер мен көлдерде мұздың пайда болуы, алғашқы қар жауған шақ;
- Киіктің матауы - қыркүйектің соңы, қазан-қараша айының басына сәйкес келеді. Бұл кезде киік, арқар секілді тұяқты жануарлардың текесі үйірге түседі;
- Айдың тоғамы - айдың Үркер шоқ жұлдызымен тоғысуы. Ай мен үркер бір-бірінен алыс түссе жайсыз ауа райы келе жатыр деп алдын ала қам жасап, малын жайлы жаққа айдаған;
- Токсанның кіруі - үш қыс айының басталуы.
Қырық күн шілде
Маусым-шілде айлары кезінде 40 күнге созылатын ыстық. Қазақтарда жалпы «жазғы шілде» және «қысқы шілде» деп екіге бөлінеді.
Жазғы шілде 24 маусымда басталып, 4 тамызда аяқталады. Халықтық күнтізбеге сәйкес, маусымның соңынан бастап күннің ұзақтығы қысқара бастайды, оны халық «шілдеде шіл адым» деп атайды және 4 тамызға қараған түні «шілденің қырық күні» аяқталады. Осы уақыттан бастап таң салқын болады. Мұны «Таразы туса таң салқындайды» деп таразы шоқжұлдызымен байланыстырған.
Қысқы шілде 26 желтоқсанда басталып, 3-4 ақпанда аяқталады. Халық күнтізбесіне сәйкес, желтоқсан айының соңынан бастап күн ұзара бастайды. Бұл құбылыс халық арасында «қаңтарда қарға адым, ақпанда ат адым» деп аталады.
Ақтымық
Теңіздегі толық тыныштық, жел мен бұлт жоқ. Әдетте: «Теңізшінің арманы – ақтымық» дейді, өйткені мұндай жағдайда балықшының ауы балыққа толады.
Ақсырғақ
Бұл күздің соңы, жер қатқан, бірақ қар әлі жаумаған кез. Жолдар тайғақ болады. Бұл шақты қазақтар «ақсырғақ» деп атаған.
Жолдас қар
Халықтық метеорологияда «жолдас қар» деп қыс бойы қозғалмай жатып, ерімейтін қарды айтады. Осы сәттен бастап адамдар қысқы соғым кезеңін бастайды.
Итбалықтың кіндіккесері
Итбалық күшіктеген кезде күн салқындайды. Осы кезеңде олардың кіндігі мұзға жабысып, тез қатып қалады. Яғни итбалықтың кіндігі кесіледі.
Құндыздың қыз ұзатуы
Жануарлардың ішінде тірлігі адамға ұқсас хайуанаттар бар. Солардың бірі – құндыз. «Құндыздың қыз ұзатуы» - құндыздың ұрпағы жаңа жұп құру үшін басқа жаққа қоныс аударатын кез. Халықтық мифологияға сәйкес, осы сәтте құндыздар «қыздарын шығарып салады», әйелдердің сыңсуына ұқсас дыбыс шығарады. Бұл толған айда болады.
Зерттеуші, биолог ғалым Р. Сәтімбековтің айтуынша, жануардың тірлігі халықтық аңызға сәйкес келеді. Олар өз аумақтарына бөтенді кіргізбей, арнайы иіспен белгілейді. Ал есейгеннен кейін жас құндыздар ұясын тастап, өз жұбын құруға мәжбүр болады. Құндыздар туған ұясынан кеткен кезде, баланың жылағанына немесе әйелдің сыңсуына ұқсас дыбыс шығарады. Бұл құбылысты халық «құндыздың қыз ұзатуы» атап кеткені сондықтан.
Осыған дейін салт-дәстүрлер жаңа заманға қалай бейімделді, деген тақырыпта талдау жариялаған едік.