Қазақтың балуан қыздарына олимпиадаға бір де бір жолдама бұйырмады

жәмила бақбергенова
Фото: ҰОК

БІШКЕК. KAZINFORM — Қырғызстан астанасы Бішкек қаласында күрес түрлерінен өтіп жатқан лицензиялық турнирде әйелдер күресінен бір де бір бұрымды балуанымыз жолдамаға қол жеткізе алмады.

Бүгін қазақ қыздарынан соңғы болып боз кілемге көтерілген әлем чемпионатының 3 мәрте жүлдегері, 76 келідегі Жәмила Бақбергенова шешуі белдесуде Қытай балуаны Вангке 1:6 есебімен жол берді.

Осылайша әйелдер күресінде Қазақстан ұлттық құрамасы бір де бір жолдамаға қол жеткізе алмады.

Нақтырақ айтсақ, 50 келі салмақта Лаура Ғаниқызы шешуші сәтте Азия чемпионатының 6 мәрте жүлдегері Ванишке 0:10 есебімен есе жіберсе, 53 келідегі ұлттық құраманың тәжірибелі балуаны Жұлдыз Эшимова жартылай финалда Солтүстік Корея балуаны Хюгунг Чоға 0:4 есебімен жол берді.

Осылайша жартылай финалға шыққан үш балуан қызымыздың үшеуі де Азия құрлығының іріктеу жарысында жолдамаға қол жеткізе алмады.

Естеріңізде болса осыған дейін әйелдер күресінен үш балуанымыз жартылай финалға шыққан еді. 

Аталған лиензиялық турнирде Олимпиада жолдамасы тек финалға шыққан балуандарға беріледі.

Күрестің үш түрінен 18 салмақ дәрежесінде 36 лицензия сарапқа салынып жатыр. Ал үшінші жарыс күні грек-рим күресінің балуандары сынға түседі.

Естеріңізге сала кетейік, кеше бірінші жарыс күні еркін күрес шеберлері Олимпиада жолдамасын сарапқа салды.

Нәтижесінде 97 келі салмақта Әлішер Ерғали мен 125 келі салмақта Юсуп Батырмұрзаев Париж олимпиадасына жолдама алды.

Соңғы жаңалықтар