Қазақтың сәйгүлігі Кабирхан жаңа маусымдағы жарыстарға дайындалып жатыр

АЛМАТЫ. KAZINFORM — Әлемдік деңгейде аты шыққан қазақстандық тұлпар Кабирхан жаңа жарыс маусымына дайындалып жатыр. Бұл туралы оның иесі Тілек Мұхамбетқалиев Kazinform.kz тілшісіне айтты.

Кабирхан
Фото: instagram.com/kabirkhan_qazaqstan

Мұхамбетқалиевтің айтуына қарағанда, қазір сәйгүлік Дубайда.

– Кабирханның жағдайы жақсы. Барлығы бірқалыпты. Қазір жаңа маусымға дайындалып жатыр. Жарыс маусымы қарашада басталады, әзірше қай додаларға қатысатыны белгісіз, - деді ол.

Иесінің сөзінше, Кабирханды жаттықтыратын командада қазақстандық мамандар жоқ, оның дайындығын тек шетелдік жаттықтырушылар қадағалайды.

Сондай-ақ ол қазақстандық көрермендер әзірше Кабирханды отандық бәйгелерде көре алмайтынын айтты.

– Елімізде өтетін жарыстарға ол қатыспайды, сондықтан әзірше көрермендердің оны Қазақстанда көретін мүмкіндігі жоқ, - деді тұлпар иесі.

Айта кетейік, Кабирхан – әлемдік деңгейдегі атақты жарыстарда топ жарған, Дубайдағы беделді бәйгелерде жүлде алған қазақ жылқысы. Ол бұған дейін Al Maktoum Challenge додасында 1 миллион долларлық жүлдені иеленіп, Қазақстанның ат спорты тарихындағы үлкен жетістікке қол жеткізген еді.

Еске салайық, бұған дейін Тілек Мұхамбетқалиев Кабирханның жаңа маусымға дейін демалатынын және дайындалатынын айтқан еді.

Соңғы жаңалықтар
Референдум