Қазақтың қонақжайлылығы өзге ұлт өкілдерінің өмірін сақтап қалды - Дмитрий Мацюк

АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - Қазақ халқының қонақжайлылығы пана іздеген бірнеше ұлт ұрпағының үзілмеуіне септігін тигізді. Қазақ халқына тән осы қасиет ел ішіндегі береке-бірлікті сақтап отыр. Осындай пікірін философия ғылымдарының кандидаты Дмитрий Мацюк білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қазақтың қонақжайлылығы өзге ұлт өкілдерінің өмірін сақтап қалды - Дмитрий Мацюк

Ақтөбе облысында Алғыс айту күніне орай бірнеше мәдени-ағартушылық шаралар өтіп жатыр. Балабақшалар мен мектепте балалар ұстаздарына, ата-аналарына және бір-біріне алғыс айтып, ыстық лебіздерін білдіруде. Ал Қазақстан халқы Ассамблеясының Ақтөбедегі өкілдігі студенттермен, оқушылармен кездесіп, аталмыш мерекенің мән-маңызын түсіндірді.

«Алғыс айтудың түп-тамыры Солтүстік Америкадан тарайды. Англиядан жер аударғандар 1620 жылдары Солтүстік Америкаға барады. Жер аударушылар күзде алғашқы өнімін жинап, мереке ұйымдастырып, өздерін қанатының астына алған үнділіктерді қонаққа шақырады. Содан бері АҚШ, Канадада алғыс айту күні тойланады. Сол секілді Қазақстан да жер аударған ұлттардың Отанына айналды. ХХ ғасырдың 20-50-жылдары Сталиндік репрессияға ұшырағандар қазақ жеріне қоныстанып, тұрақтады. Кейбірі тарихи Отанына оралғанымен, басым бөлігі Қазақстанда қалды. Олар отбасын құрды, қазақ жеріне сіңісіп кетті. Мұнда шешен, неміс, корей, түрік халқы көп шоғырланды. Міне, осы ұлт пен ұлыс қазақ халқына алғыс айтады», - деді философия ғылымдарының кандидаты Дмитрий Мацюк.

Мерекенің маңызы мен мәніне тоқталған ұстаз бұл күні бір-біріне ойы мен сезімін ашық білдіріп, алғыс айтуға болатынын жеткізді. Сондай-ақ өзге ұлт өкілдері қазақ халқына өз ризашылығын білдіріп жатыр.

«Қазақ халқы қонақжайлылық танытып, жер аударғандарды қарсы алды. Шын мәнінде қазақтың қонақжайлылығы пана іздеп келген адамдардың өмірін сақтап қалды деп айтуға болады. Ұлтаралық, конфессияаралық келісім бар, жыл өткен сайын бірлігіміз нығайып келеді. Сондықтан бұл күннің салмағы үлкен, мәні зор», - деді Дмитрий Мацюк.