Қазақтың табиғи құрт-майына сұраныс артып келеді

Ақтөбе облысы, Алға ауданы, Бестамақ ауылының тұрғыны күн сайын сүт өңдеп отыр. Яғни, айран ұйытады, құрт жасайды, қаймақ шайқап, май дайындайды. Жыл бойы үздіксіз сүт қабылдайтын «Ықылас» ауыл өндірістік кооперативі 2016 жылдан бері табысты жұмыс істеп келеді. Тұрақты сатып алушылар мен тапсырыс берушілері бар.
«Ұлттық тағамға сұраныс өте жоғары. Сиыр сауған кезде сүтті алып кетуге келіп тұрады. Адамдар пакеттегі, қоспасы бар сүттен шаршаған, табиғи өнімді іздеп тұрады. Сарысу, ішімшікті де алады. Сүт қалдықсыз өнім. Тек шыдам мен төзім керек. Майқұрт та ұмтылып барады. Оны айран, май, қанттан жасайды. Майқұртты қайнатуға 5-6 сағат керек», - дейді Айнұр Жолмағамбетова.
Ал ірімшікті қайнату үшін 7-8 сағат уақыт жұмсалады. Ал шаруашылық айына 100-150 келі ірімшік сатып отыр.
«Мен шаруа қожалықтарынан сүт қабылдаймын. Қазір күніне 200 литр сүт әкеледі. Ал жазда 3-4 тоннасын қабылдаймыз. Сол кезде сүтті өңдеп, құрт, май, ірімшік жасап, сақтап қоямыз. Тоңазытқышқа салып, қыста сатуға шығарамыз. Біз үшін қыс мезгілі өте сәтті уақыт. Дәл осы шақта сұраныс жоғары. Баға да қымбат емес. Базар бағасынан арзан. Бізді іздеп келетіндер, тапсырыс беретіндер көп», - дейді көпбалалы ана.
Ол бұл жұмыстарға өз балаларын да машықтандырған. 7 баланың анасы ұл-қыздарын ұлттық тағам жасауға үйретіп жүр. Ал ыдыс жуу үшін жұмысшылар алған. Барлығы 5 адамды жұмыспен қамтамасыз етіп отыр.
«Қоспасы көп тамақ жеген адамның денсаулығы сыр береді. Шынын айтқанда, қазақ өзінің табиғи құрт пен майын қатты сағынды. Сондықтан да ауылға қарай бет бұрып, қолдан өнім алады. Базарда қаймақтың бірнеше түрі бар, бірақ дәмі басқа, құнары бөлек. 20-30 литр қаймақ 10-20 минутта сатылып кетеді, таласып қалады. Күніне 150 литр айранға да сұраныс бар. Мәселен, ірімшікті мәйектен жасаймыз. Ал тәтті ірімшікке брынза жасауға арналған пепсин қосамыз», - дейді кәсіпкер.
Қазіргі кезде шаруашылық сүт өнімдерінің 12 түрін шығарып отыр. Алдағы уақытта ауылшаруашылық кооперативі өнім көлемін арттырмақ.