Қазалыдағы ноғай-татар көпесі салдырған тарихи нысандар жайлы не білеміз
ҚЫЗЫЛОРДА. KAZINFORM — Халық арасында «Керуен сарайы» аталып кеткен Ғанибай үйi Қызылорда облысы Қазалы ауданының Қазалы қаласында орналасқан.
Облыстық тарихи-өлкетану музейінің қор сақтаушысы Әлібек Сералының айтуынша, қос қабатты ғимаратты Қазаннан келген ноғай-татар көпесі Ғанибай Хусаинов XIX ғасырдың 60-70 жылдары «П» үлгісінде салдырған.
— Ақтөбе облысының Мәртөк ауданынан көшiрiп әкелiнген Ауыл шаруашылығы техникумы Ғанибай үйiне орналасқан. Техникум 1971 жылға дейiн жұмыс iстеп, сол жылы Сырдария ауданына қоныс аударады. Керуен сарайына орыс, еврей, өзбек саудагерлері, сондай-ақ Пржевальский, Семенов Тянь-Шанский сияқты атақты саяхатшылар, контр-адмирал Бутаков, теңіз зерттеушісі Лев Берг тоқтаған. Орта Азия мен Қазақстандағы жастар қозғалысының жалынды ұйымдастырушысы Ғани Мұратбаевтың есімін әкесі осы атақты көпестің құрметіне қойған. Мектеп жасына келгенде әке аманатымен бала Ғани соның үйінде жатып оқығанын өз естеліктерінде жазып қалдырған, — деді Әлібек Сералы.

Ауызша деректерде Ғанибай Хусаиновтың алыс-жақын шет елдермен сауда жасағаны, аса бай болғаны, тіпті Германияға дейін тері, жүн жіберіп тұрғаны айтылады.
Музей қызметкерінің сөзінше, асып-тасыған дәулетінің белгісі ретінде ол қыздарына арнап керуен сарайының үстіңгі қабатынан Сырдария өзеніне дейін ағаштан серуендейтін аспалы көпір салдырған.
Алайда оның ізі де қалмаған.
Ал 1887 жылы Ғанибай Хусаинов өз қаржысы есебінен осы мекенге мешіт салдырады. Құрылыс тоқтап қалып, 1894 жылы халықтың күшімен аяқталған.

— 1900 жылы 2 желтоқсанда өңірдегі ең алғашқы кітапхана ашылып, ол осы ғимаратқа орналасады. Алғашқы жылы қорында 437 кітап, 113 оқырманы болған. Қазақ даласына Ресейден жер аударылған орыстың социал-демократтары кітапханаға қызығушылық танытады. Қолда бар әдебиеттерін беріп, қазақ жастарының ұйымдасып ойын-сауық қоюына, одан түскен қаржыға кітаптар сатып алуына мұрындық болады. Орта Азияға сапар шеккен атақты саяхатшы Семенов-Тянь-Шаньский де Қазалы қаласында болған кезінде 200-дей кітапты қолтаңбасымен сыйға тартқан. Қазақ зиялылары да кітапхана қорын толықтыруға үлес қосқан, — деді Әлібек Сералы.

Ғанибай мешіті кезінде оқушылар сарайы да болды. Республикалық маңыздағы бұл тарихи-архитектуралық ескерткіштер бертінде реставрациядан өтіп, қайтадан қалпына келтірілді.
Бұдан бұрын біз Қызылорда облысының Қазалы ауданындағы 164 жылдық тарихы бар № 16 мектеп-лицей ғимараты туралы жазғанбыз.
