Қазан айында жылдық инфляция 8,5%-ға жетті — Ұлттық банк

АСТАНА. KAZINFORM – Қазан айында елде жылдық инфляция жеделдеп, 8,5%-ды құрады (қыркүйекте — 8,3%). Жылдық инфляцияның 10 өңірде баяулағаны, 8 өңірде жеделдеп, 2-де өзгеріссіз қалғаны байқалды. Бұл туралы ҚР Ұлттық банкінің баспасөз қызметі мәлім етті. 

инфляция
Фото: Виктор Федюнин/ Kazinform

Жылдық инфляцияның ең жоғарғы мәні Астана қаласында және Маңғыстау облысында тіркелді.

Қазанда азық-түлік тауарларының бағасы 4,9%-ға дейін баяулады (қыркүйекте — 5,1%). Осы топтағы тауарлардың бағасы Алматы қаласында (7,4%) айтарлықтай жоғары, ал Түркістан облысында (2,7%) мейілінше төмен өсті.

Азық-түлікке жатпайтын тауарлар бағасының өсу қарқыны ж/ж 7,8%-ға дейін жеделдеді (қыркүйекте — 7,6%). Ең жоғарғы мән Түркістан облысында (13,2%), ең төменгі мән Жетісу облысында (5,0%) тіркелді.

Қазанда ақылы көрсетілетін қызмет бағасы 14,3%-ға дейін жеделдеді (қыркүйекте — 13,6%). Сонымен қатар, Павлодар облысында баға (18,1%) жалпы республикалық деңгейден біршама жоғары, Алматы облысында (8,3%) айтарлықтай төмен өсті.

Қазанда ел бойынша айлық инфляция 0,9% болды. Бұл бұрынғы орташа мәнінен жоғары (2017-2021 жылдардағы қазанда 0,7%).

Еске сала кетейік, бұған дейін Ұлттық банк валюта бағамының күрт өзгеруіне жол бермеу үшін интервенция жүргізуге дайын екенін жазған болатынбыз.

Ұлттық банк төрағасының орынбасары Әлия Молдабекова валюта нарығындағы соңғы жағдайларға түсініктеме берді. Айта кетсек, соңғы күндері қор нарығында доллар бағасы күрт қымбаттап, 495 теңгеден асты.

Соңғы жаңалықтар