«ҚазАвтоЖолға» хабар түссе, барар еді - әкімдік өкілі Ақтөбедегі автобус өрті туралы

АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - Самара-Шымкент тасжолында Өзбекстан азаматтары автобуста тірідей жанып кеткеннен кейін «ҚазАвтоЖол» құтқарушылардың телефон нөмірлері көрсетілген карталарды үлестіре бастады. Сондай-ақ аталмыш күре жолдағы көлік оқиғаларына әрекет ету күшейтіліп, 7-8 жолаушылар автобусы құтқарылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«ҚазАвтоЖолға» хабар түссе, барар еді - әкімдік өкілі Ақтөбедегі автобус өрті туралы

Ақтөбе өңірлік коммуникациялар қызметінде жолдағы қауіпсіздік пен жол құрылысы тақырыбына арналған баспасөз мәслихаты өтті. Жолдардың құрылысы туралы баяндаған Ақтөбе облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Аязбай Османғалиев Өзбекстан азаматтары мінген автобус өртіне қатысты бірнеше мән-жайды айтып берді.

«Автобус өртінен соң жедел түрде комиссия құрылғаны белгілі. Сол оқиғадан бері «ҚазАвтоЖол» мекемесі жылыту бекеттері, демалу және көлікке техникалық қызмет көрсету орындары, сондай-ақ құтқарушылардың телефондары жазылған арнайы карта таратуды қолға алды. Қайғылы оқиғадан кейін де жолаушылар мінген автобустардан хабарлама түсіп, көмек көрсетілді. Барлығы 7-8 автобусқа көмек берілді. Ал «қайғылы оқиға кезінде көмек бармады» деген ақпаратқа нақты жауап бере алмаймын. Бір анығы - төтенше жағдайлар қызметіне, «ҚазАвтоЖол» мекемесіне хабар түссе, олар міндетті түрде көмек көрсетеді. Автобус өртенген жерден 10 шақырым қашықтықта арнайы диспетчерлік бекет болды. Оларға хабар түссе, барар еді. «Хабар түсіп, бармай қалды» дегенді естімедім», - деді Аязбай Османғалиев.

Еске салсақ, 18 қаңтар күні Самара-Шымкент тасжолында Өзбекстан азаматтары мінген автобус өртеніп, 52 адам жанып кеткен болатын.

Қайғылы оқиғаға байланысты үкіметаралық комиссия құрылып, ол әлі жалғасуда. Қазір автобустың үш жүргізушісі уақытша тергеу изоляторында отыр.

Оларға қатысты 24 наурызға дейін күзетпен ұстау түріндегі бұлтартпау шарасы санкцияланды.