«Қажет такси» платформасына 317 мың адам тіркелген

АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстандық «Қажет такси» платформасына іске қосылған алғашқы аптаның өзінде 317 мың адам тіркелген. Қазір сервис еліміздің 30-дан астам қаласында жұмыс істейді. Жобаның басты ерекшелігі — жүргізушілерден әр сапар үшін комиссия алынбайды.

 такси
Фото: Pexels

Бұл туралы «Қажет такси» жобасының стратегиялық директоры Садық Шерімбек «Jibek Joly» телеарнасының «Бүгін.LIVE» бағдарламасында айтты.

Оның сөзінше, платформада қазір 36 мыңға жуық жүргізуші верификациядан өтіп, расталған. Ал тіркелуге өтініш берген жүргізушілердің саны 70 мыңға жуықтаған. Құжаттарды тексеру жұмыстары әлі де жалғасып жатыр.

Такси сервисі бастапқыда ауыл тұрғындарының қажеттілігінен туындаған екен.

Компания өкілдері Қапал ауылына арнап жеке такси қызметін жасаған. Кейін жоба ауқымы кеңейіп, платформаны бүкіл Қазақстанға ұсыну туралы шешім қабылданған.

«Қажет такси» жобасының стратегиялық директоры Садық Шерімбек
Фото: Видеодан скрин

— Алғашында «Қапал такси» сервисін ауыл тұрғындарына арнап іске қостық. Кейін бұл жобаны бүкіл Қазақстанға ұсынуды жөн көрдік. Халықтың игілігіне жарасын деген мақсат болды, — деді Садық Шерімбек.

Оның айтуынша, платформаны іске қосқан алғашқы күндері тапсырыс саны күрт өскен. Бір күнде 120 мың адам көлікке тапсырыс берген.

— Алғашқы күндері тапсырыс өте көп болды. Бір күннің ішінде 120 мың адам көлікке тапсырыс берген кез болды. Олардың 70-80 пайызы сервисті тексеріп көргісі келген адамдар деп есептейміз. Сол кезде көлік жетіспеген сәттер де болды. Қазір күнделікті тапсырыс саны 40 мыңға жетіп отыр. Оның ішінде күніне 10 мыңға жуық тапсырыс толық орындалады, — деді ол.

Жүргізушілерден комиссия алынбайды

Жоба өкілінің айтуынша, платформаның бизнес-моделі басқа агрегаторлардан өзгеше. Сервис әр сапардан комиссия алмайды.

Национальный агрегатор такси появится в Кыргызстане
Фото: Кабар

— Біз әрбір сапардан ақша алмаймыз. Болашақта платформаны пайдаланғаны үшін он күнде немесе айына бір рет белгілі бір сома алуды қарастырып отырмыз. Бұл төлем қазіргі шетелдік агрегаторлар алатын сомадан 70-80 есе төмен болады деп жоспарлап отырмыз, — деді Садық Шерімбек.

Спикер сөзінше, Қазақстанда такси жүргізушісі болып шамамен 500 мың адам жұмыс істейді. Сондықтан өзіміздің отандық қызметтің сапасын арттырып, одан әрі дамыту көзделіп отыр. Бұл такси қызметінде жұмыс істейтін азаматтар табысының едәуір бөлігі өз қалталарында қалдырып, табысын да арттырады.

Сондай-ақ Садық Шерімбек Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиевпен кездесу өткенін айтты. Кездесуде платформаны дамытуға қатысты бес мәселе талқыланып, оларды шешу бойынша қолдау көрсетілген.

Жүргізушілерді тексеру жүйесі енгізіледі

Платформада жүргізушілердің құжаттары автоматтандырылған жасанды интеллект жүйесі мен мамандардың қатысуы арқылы тексеріледі.

Бұдан бөлек, компания жүргізушілерді Ішкі істер органдарының жүйелері арқылы верификациялау тетігін жолға қойып жатыр.

Жолаушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін әйелдерге арналған «Құрбы» тарифі де іске қосылған. Бұл тариф бойынша тапсырысқа әйел жүргізуші келеді.

такси
Коллаж: Kazinform/Freepik

— Қыз-келіншектер мен отбасылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында «Құрбы» тарифін қостық. Мысалы, ата-аналар қыздарын бір жерге жібергенде немесе әйелін таксимен жолға шығарғанда, олардың өзін қауіпсіз сезінгенін қалаймыз, — деді жоба директоры.

Оның айтуынша, егер «Құрбы» тарифін ер адам таңдап қойса, әйел жүргізушінің тапсырысты қабылдамауға құқығы бар. Қазір платформаға әйел жүргізушілер де тіркеліп жатыр.

Айта кетейік, жақында Қазақстанда таксимен 174 миллионнан астам жолаушы сапарлағанын жазған едік.