ҚАЖК Алматыда сотталған кәсіпкердің сауда орталығында жүргені туралы ақпаратқа түсінік берді
АЛМАТЫ. KAZINFORM — Әлеуметтік желілерде 10 жылға бас бостандығынан айырылған кәсіпкер Ілияс Кар Алматыдағы сауда ойын-сауық орталықтарының бірінде жүргені туралы ақпарат тарады.

Қылмыстық-атқару жүйесі комитетінің хабарлауынша, ол сот үкімімен қауіпсіздігі төмен мекемеде (қоныс колониясы) жазасын өтеу үшін 10 жылға бас бостандығынан айырылған.
— Қылмыстық-атқару кодексінің 113-бабына сәйкес, қоныс колониясында жазасын өтеп жатқан сотталғандарға заңда көзделген жағдайларда (жұмысқа орналасу, демалыс, денсаулығы) мекемеден тыс жерге шығуға рұқсат беріледі. Сотталған адамның жеке өтінішіне сәйкес, оған мекемеден тыс жерге шығу құқығымен демалыс берілді. Демалыс кезеңінде ешқандай құқықбұзушылыққа жол берген жоқ, — делінген Комитеттің баспасөз қызметі таратқан ақпаратта.
Ведомствоның мәліметінше, демалыс кезінде ер адам ішкі істер органдары қызметкерлерінің бақылауында болған және қазіргі уақытта мекемеге оралған.
Еске салайық, 2018 жылғы 29 желтоқсанда Абай мен Сейфуллин қиылысында жол апаты болып, үш адам қаза тапқан еді. Олардың арасында актриса Шолпан Елгезекова бар.
Оның құрбысы, актриса Айзада Сатыбалдиева ғана аман қалған.
Куәгерлердің айтуынша, Gelandewagen көлігінің жүргізушісі жоғары жылдамдықпен қызыл түске өтіп кетіп, жасыл жанғанда қозғала бастаған көлікке соқтығысқан. Апаттан кейін кінәлі оқиға орнынан қашып кетуге тырысқан. Кейін оның мас болғаны анықталды.
Ол Ілияс Кар болып шықты.
Айыпталушы Ілияс Кар 2019 жылғы 12 ақпанда сот алдында жауап берді. Кейін ол апаттың мән-жайын айтып берген.
Сот Ілияс Карды 10 жылға бас бостандығынан айырды.