Қазір фельдшерлердің ең төменгі жалақысының мөлшері қандай

АСТАНА. KAZINFORM — Денсаулық сақтау бірінші вице-министрі Тимур Сұлтанғазиев медицина қызметкерлерінің жалақысын көтеруге қатысты пікір білдірді.

жалақы
Фото: Артём Викторов / Kazinform

— Қазір Денсаулық сақтау министрлігі Үкімет мүшелерімен бірлесе жалақыны көтеру мәселесін пысықтап жатыр. 2020-2023 жылдары дәрігерлерге 30 пайызға, орта буын медицина қызметкерлеріне жалақы 20 пайызға өскенін атап өткім келеді. Ал медициналық емес қызметкерлердің, оның ішінде жедел жәрдем жүргізушілерінің жалақысы 2024 жылға дейін 18%-ға өсті. Қазір бұл мәселе бойынша жұмыстар талқыланып жатыр, яғни тиісті есептеулер де дайындалды. Менің ойымша, Үкімет қолдаса, келер жылдан бастап жалақыны көтеруді жоспарлап отырмыз, — деді Т. Сұлтанғазиев Сенаттың жалпы отырысынан кейін.

Оның айтуынша, Үкімет қаулысына сәйкес, қазір фельдшерлердің ең төменгі жалақысы шамамен 180-190 мың теңге, ал еңбек өтіліне қарай 260 мың теңгеге дейін жетеді. Жүргізушілер 160-180 мың теңге алып жүр.

— Алдағы уақытта жалақы қаншалықты өсетінін нақты айту ерте. Қазір Қаржы министрлігімен нақты көлемді талқылап жатырмыз, — деді вице-министр.

Бұдан бұрын хабарланғандай, Тимур Сұлтанғазиев келесі жылы фельдшерлердің жалақысын көтеру үшін қосымша 10 млрд теңгедей қаражат керек екенін айтқан еді. 

Соңғы жаңалықтар