Келер айда Өзбекстанда АЭС құрылысы бойынша қоғамдық тыңдау өтеді
ТАШКЕНТ. KAZINFORM — 23 желтоқсанда Өзбекстанда АЭС салу ұсынысы бойынша қоғамдық тыңдау өтеді. Бұл туралы «Uzatom» агенттігінің баспасөз қызметінен мәлім етті, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің меншікті тілшісі.
— 2025 жылы 23 желтоқсанда сағат 11:00–де Жизақ облысына қарасты Фариш ауданындағы Богдон елді мекенінің № 30 мәдени орталығында Өзбекстанда атом электр станциясын салу жобасы бойынша қоғамдық тыңдаулар өтеді. Қоғам өкілдерін және барлық қызығушылық танытқан тараптарды аталған іс-шараға белсенді қатысуға шақырамыз, — деп мәлім етті агенттіктен.
Ведомствоның ақпаратына сай, АЭС-тің жалпы қуаты — 2110МВт. Ол жылына 16-17 млрд кВт/сағ электр энергиясын өндіреді. Стратегиялық нысанның құрылысы барысында — 13 мың, ал ол толық іске қосылғанда 2 мың адам жұмыспен қамтылмақ.
Еске салайық, Өзбекстанда салынып жатқан АЭС Жизақ, Самарқанд және Науаи облыстарын электр энергиясымен қамтамасыз етуге қауқарлы болады.
Сондай-ақ, таяуда Өзбекстанда атом электр станциясы құрылысының бірінші кезеңі басталғанын жазып едік.
Бұған дейін хабарлағанымыздай, Ресей Өзбекстанда тағы бір АЭС салады.
Қоса кетсек, жақында ҚР Атом энергетикасы жөніндегі агенттік төрағасы Алмасадам Сәтқалиев еліміздегі тұңғыш АЭС-тің алғашқы бетоны шамамен 2029 жылы құйылуы мүмкін екенін айтты.