Келер жылы Алматы бюджетінің 41 пайызы әлеуметтік салаға бағытталады
АЛМАТЫ. KAZINFORM – 2025 жылы Алматы бюджетінің 41%-ы әлеуметтік салаға бағытталмақ. Бұл туралы қала Мәслихаты мәлімдеді.

– Алматыда 2025 жылы бюджет жобасында әлеуметтік салаға 806,1 млрд теңге бөлу жоспарда, бұл алдын ала ақпарат бойынша – қала бюджеті шығыстарының 41 пайызы. Әлеуметтік саланы қаржыландыруды ұлғайтудың болжамды өсуі – 8,7%. 2024 жылы әлеуметтік салаға 741,2 млрд теңге, 2023 жылы 664,5 млрд теңге бағытталған болатын, – деп хабарлады қалалық Мәслихаттан.
2025-27 жылдарға арналған бюджеттің тиісті жобасы Алматы мәслихатының алдағы сессиясында қабылданады.
Мәслихаттың алдын ала ақпараты бойынша, денсаулық сақтау инфрақұрылымын жаңғыртуды қаржыландыру 2025 жылы 2,6 есеге – 69,4 млрд теңгеге дейін ұлғаяды. Сондай-ақ 1 326 дәрігер мен медициналық персоналды оқытудың үш деңгейлі бағдарламасы іске асырылады.
– Жаңа бюджеттен қаражаттың бір бөлігі Бостандық ауданында 500 адам қабылдайтын №4 жедел медициналық жәрдем қосалқы станциясының, екі отбасылық-дәрігерлік амбулаторияның және жаңа емхананың құрылысын аяқтауға бағытталады. Қалалық медициналық мекемелер қажетті дәрі-дәрмектермен және жабдықтармен, оның ішінде вакциналармен және иммунопрофилактикалық препараттарымен қамтамасыз етілетін болады. Сирек кездесетін аурулары бар 4 мыңнан астам пациент тегін дәрі-дәрмектермен қамтылады, – делінген хабарламада.
Сондай-ақ 2025 жылы жедел жәрдемнің автопаркін жаңарту жалғасады, ол үшін 50 автокөлік сатып алу көзделген.
Сонымен қатар 2024-2025 жылдары 20 денсаулық сақтау нысаны күрделі жөндеуден өтеді, оның ішінде 10 нысанды 2025 жылы аяқтау жоспарланып отыр және 30 жаңа және ескі денсаулық сақтау нысандарын жобалау жұмыстары жалғасып жатыр.
Осыған дейін Алматыда тектоникалық жарықшақтарда орналасқан 71 үй бұзылатыны туралы жазған едік.
Бұдан бөлек, мегаполисте электр желілері жер астымен жүргізіледі.