Келер жылы мемлекеттік сатып алу ережелері қалай өзгереді
АСТАНА. KAZINFORM – 2025 жылдың 1 қаңтарынан бастап мемлекеттік сатып алу туралы жаңа заң күшіне енеді. Қаржы вице-министрі Дәурен Кенбейіл мемлекеттік сатып алу рәсімдері қалай өзгеретіні жөнінде айтып берді.

Вице-министрдің айтуынша, елдегі мемлекеттік сатып алу жүйесі 100% электронды форматқа көшірілген.
— Электрондық порталда 24 мың тапсырыс беруші мен 117 мың әлеуетті жеткізуші тіркелген. Мемлекеттік сатып алу жоспары 9,3 трлн теңгені құрайды, ал бүгінгі күнге дейін 8,8 трлн теңгеге сатып алу жүргізілген. Оның ішінде бір көзден сатып алу үлесі жалпы көлемнің 23%-ын құрайды. Жаңа заң сатып алынатын тауарлардың, жұмыстар мен қызметтердің сапасын арттырып, сатып алу рәсімдерін жеңілдетеді және отандық өндірушілерді қолдайды, — деді Дәурен Кеңбейіл Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте.
Оның айтуынша, қазір сатып алынатын тауарлардың, жұмыстар мен қызметтердің сапасын арттыруға басымдық берілуде. Ең алдымен, жеткізушіні таңдаудағы бағадан тыс критерийлерді дамыту қарастырылған.
— Қазіргі уақытта бізде екі негізгі критерий бар. Біріншісі — мемлекеттік кірістер базасындағы әлеуетті жеткізуші туралы ақпарат: төленген салықтары, қызметкерлерге төленетін жалақысы және қаржылық тұрақтылығы. Екіншісі — еңбек өтілі туралы депозитарий. Жаңа заң аясында дереккөздерді кеңейтеміз. Әлеуетті жеткізушілер туралы бағадан тыс ақпаратты кеңінен пайдаланамыз, — деді вице-министр.
Келесі жаңалық — қоғамдық мониторинг институтын енгізу. Биылғы сәуір айында «Қоғамдық бақылау туралы» заң қабылданған болатын. Құжатта қоғамның белгілі бір процестерге ықпал ету механизмі көрсетілген. Егер қоғамдық өкілдер мемлекеттік сатып алу саласында қандай да бір кемшіліктерді анықтаса, олар қоғамдық мониторинг институтын пайдалана алады.
Сондай-ақ, шағымдарды қараудың жаңа механизмі енгізіліп, бақылаушы органның рөлі қайта қаралды. Сатып алу рәсімдерін созу жағдайларын болдырмау үшін қорытындыларды қайта қарау функциясы сатып алуды ұйымдастырушыға беріледі. Шағымдану құқығы тек конкурс комиссиясы жеңімпаздарды анықтаған сатып алуларға ғана беріледі. Сатып алу қорытындыларын қайта қарау әдісі Әкімшілік рәсімдік-процестік кодекс талаптарына сай келеді.
Мемлекеттік сатып алу саласындағы басты мәселелердің бірі — рәсімдердің ұзаққа созылуы.
Бұрын шағымдарды қарау кемінде 45 күнге созылса, енді бұл мерзім 6 күнге дейін қысқартылды.
Бұған дейін Мемлекеттік сатып алу туралы заңның ерекшеліктері жөнінде талдау жарияланған еді.