Келер жылы Өзбекстан мен Қытай бірлесіп, ғарышқа спутник ұшырады

ТАШКЕНТ. KAZINFORM — 2026 жылы Өзбекстан мен Қытай ғарышқа Жерді қашықтықтан зондтайтын спутник ұшыруды жоспарлап отыр, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің меншікті тілшісі. 

Келер жылы Өзбекстан мен Қытай бірлесіп, ғарышқа спутник ұшырады
Фото: Uzcosmos

Тиісті меморандумға «Өзбекғарыш» агенттігі мен қытайлық «STAR.VISION» компаниясының өкілдері қол қойды. 2028 жылы Самарқандта ұйымдастырылатын Халықаралық астронавтика конгрессінің құрметіне орай, спутникке «Samarqand-2028» атауы берілмек.

Келісімге сәйкес, Жерді қашықтықтан зондтау спутнигіне арналған жасанды интеллект модулін «Өзбекғарыш» агенттігінің мамандары әзірлейді. Жерсерік ауа сапасын бақылау, дәнді-дақылдардың өнімділігі мен орман алқаптарындағы жағдайды қадағалап отыруға мүмкіндік береді. Кейін спутниктің көмегімен жасалған суреттерге агенттікте талдау жасалып, ақпарат жауапты ведомстволарға жолданады.

Еске салайық, келер жылы Өзбекстан Түркі мемлекеттері ұйымына мүше елдермен бірлесіп ғарышға спутник ұшырмақ.

Былтыр Өзбекстан ғарыш кеңістігін зерттеуге бағытталған халықаралық шартқа қосылған еді.

Бұған дейін хабарлағанымыздай, Қазақстан мен Өзбекстан ғарыш саласындағы серіктестікті нығайтуға ниетті.

Соңғы жаңалықтар