Келер жылы Өзбекстанда халық санағы жүргізіледі
ТАШКЕНТ. KAZINFORM – 2026 жылы 15 қаңтар мен 28 ақпан аралығында Өзбекстанда халық санағы жүргізіледі, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің меншікті тілшісі.

Жоспарға сай, санақ екі әдіс арқылы жүргізіледі: бірі – деректерді онлайн жинақтау, екіншісі – үй аралау.
– Мұндай жаңа формат шығындарды едәуір қысқартуға мүмкіндік береді. Яғни, 1,3 трлн сум (шамамен $105,1 млн) үнемделеді. Санақ қарапайым әрі ашық жүргізіледі, - делінген Өзбекстан президентінің баспасөз қызметі таратқан хабарламада.
Санақ нәтижесінде 38 млн халықтың құрамы, тұрғындардың отбасылық жағдайы, қызметі мен табыс көздері туралы бірыңғай деректер базасы құрылады.
Тоқтала кетсек, Өзбекстанда халық санағы 1989 жылдан бері жүргізілмеген. Пандемияға байланысты ол 2022 жылдан 2023 жылдың қарашасына ауыстырылды, кейін 2026-2027 жылдарға шегерілді.
Еске салайық, былтыр наурызда Ұлттық статистика комитетінің өкілі Кобил Бердикулов Өзбекстанда халық санағын өткізу үшін 800 млрд сум ($63,4 млн) қажет екенін мәлімдеген болатын.
Қоса кетсек, биыл 12 қыркүйектегі дерекке сай, Өзбекстандағы тұрақты халық саны 38 029 155 адам.