Өзбекстанда халық санағын өткізу үшін 63 млн доллардан астам қаражат қажет

Өзбекстан
Фото: Видеодан алынған кадр

ТАШКЕНТ. KAZINFORM – Алдын ала есепке сай, Өзбекстанда халық санағын өткізу үшін 800 млрд сум ($63,4 млн) қажет. Бұл туралы журналистердің қатысуымен өткен баспасөз маслихаты барысында Статистика агенттігінің санақ процестерін ұйымдастыру және өткізу басқармасының бастығы Кобил Бердикулов мәлім етті, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің Ташкенттегі меншікті тілшісі Әлихан Асқар.

Халық санағын ұйымдастырудың күрделі процесс екенін және оған бағытталатын шығындарды ескере отырып, оны өткізу 2025-2026 жылдарға жоспарланған.

«Халық санағын өткізуге дайындық 2019 жылы басталды. 2021 жылы біз 4 өңірде пилоттық негізде халық санағын жүргіздік, ол жолы үш әдісті қолданып көрдік. Қазір біз республикада заманауи ақпараттық технологияларды пайдалана отырып, яғни планшеттердің көмегімен интернет арқылы халық санағын жүргізуді жоспарлап отырмыз. 2020 жылы бұл іс-шара пандемияға байланысты кейінге қалдырылды», - деп мәлім етті Кобил Бердикулов.

Өзбекстан президентінің 2024 жылғы 4 наурыздағы қаулысына сай, Статистика агенттігі биыл санаққа дайындық жұмыстарын жалғастыруы тиіс. Атап айтқанда, ведомствоға халық санағын насихаттау үшін бейнеролик, баннерлер мен буклеттер әзірлеу, 2021 жылы жүргізілген пилоттық санақ нәтижелері мен халықаралық сарапшылардың ұсынысын ескеріп, саланы жетілдіру тапсырылды.

Халық санағының нәтижесін әзірлеу және жариялау 2026-2027 жылдарға жоспарланып отыр.

Тоқтала кетейік, Өзбекстанда халық санағы 1989 жылдан бері жүргізілмеген. Пандемияға байланысты ол 2022 жылдан 2023 жылдың қарашасына ауыстырылды, дегенмен бұл шараға әлі қаражат бөлінбеген.

Қоса кетсек, биыл 1 қаңтардағы Статистика агенттігінің мәліметіне сай, Өзбекстандағы тұрақты халық саны - 36 799 756 адам. 2023 жылдың сәйкес кезеңіне қарағанда былтырғы өсім 2,2% шамасында болды.

Соңғы жаңалықтар