Келесі Рим Папасы кім болуы мүмкін

ВАТИКАН. KAZINFORM — 21 сәуір күні қос өкпесі қабынуының салдарынан 88 жасында Рим Папасы Франциск көз жұмды. Католик шіркеуінің келесі басшысы кім бола алады және ол қалай сайланады? Бұл туралы Kazinform агенттігінің меншікті тілшісі арнайы материал дайындады.

Келесі кім Рим Папасы болуы мүмкін
Фото: dzen.ru

Басты үміткерлерлер кімдер

Католик шіркеуіне жаңа басшы болуы мүмкін бірнеше үміткер бар:

  • Пьетро Паролин (70 жаста, Италия) — Ватиканның Мемлекеттік хатшысы, саяси ұстанымы орташа, Франциск Папаның бағытын жалғастырушы ретінде қарастырылады.

  • Фридолин Амбонго Бесунгу (65 жаста, Конго Демократиялық Республикасы) — Африка мен Мадагаскар епископтық конференциялары симпозиумының төрағасы, консервативті көзқарасымен танымал.

  • Вим Эйк (71 жаста, Нидерланд) — бұрынғы дәрігер, Папа Францисктің бірқатар реформаларына қарсы шыққан қатаң консерватор.

  • Петер Эрдо (72 жаста, Венгрия) — консервативті ұстанымдағы кардинал, ажырасқандар мен қайта үйленгендердің қауымдастыққа қатысуына қарсы.

  • Луис Антонио Тагле (67 жаста, Филиппин) — прогрессивті көзқараста, ЛГБТ мен ажырасқан католиктерді шіркеуге тартуды қолдайды.

  • Рэймонд Бёрк (76 жаста, АҚШ) — ультраконсерватор, Франциск Папаның реформаларын ашық сынға алған.

  • Марио Грек (67 жаста, Мальта) — орташа бағыттағы кандидат, шіркеу ілімінде инклюзивтілікке мән береді.

  • Маттео Мария Дзуппи (69 жаста, Италия) — Болонья архиепископы, Франциск Папаның Ватикандағы негізгі одақтастарының бірі.

Айта кетейік, Папа Франциск қазіргі дауыс беруге құқылы кардиналдардың басым бөлігін өзі тағайындаған. Бұл оның бағытын жалғастыратын ізбасардың таңдалуына ықпал етуі мүмкін.

Католик шіркеуінің басшысы қалай сайланады?

Папаны сайлау — ежелгі дәстүрлерге сай өтетін күрделі үдеріс. Ол конклав деп аталады, бұл «жабық жиналыс» дегенді білдіреді. Келесідей кезеңдерден тұрады:

  1. Папаның қайтыс болуы немесе тақтан бас тартуы

    Понтифик қайтыс болғанда немесе отставкаға кеткенде (мысалы, 2013 жылы Бенедикт XVI), “Sede Vacante” — яғни «тақтың бос қалуы» кезеңі басталады.

  2. Кардиналдарды жинау

    Ватиканға шамамен 200 кардинал шақырылады. Бірақ дауыс бере алатындары — жасы 80-нен аспағандар (әдетте шамамен 120 адам).

  3. Сикстин капелласындағы конклав

    Кардиналдар Сикстин капелласына кіріп, сайлауға қатысатындарына және құпияны сақтайтындарына ант береді. Капелланы ешкім тастап кете алмайды, сыртпен байланысқа түсуге тыйым салынады.

  4. Дауыс беру процесі

    Әр кардинал үміткердің атын қағазға жазып, дауыс береді. Үміткердің сайлануы үшін 2/3 дауысты жинауы керек. Егер нәтиже шықпаса, бюллетеньдер арнайы химикатпен өртеледі — қара түтін — жаңа папаның әлі сайланбағанын білдіреді. Жаңа Папа сайланғанда түтін ақ болады.

  5. Папа есімін таңдау және алғашқы сөз

    Сайланған кардиналдан: «Сен бұл сайлауды қабылдайсың ба?» — деп сұрайды. Ол келіссе, Папалық есім таңдайды (мысалы, Франциск, Бенедикт, Иоанн, Павел). Содан кейін ол Әулие Петр соборының балконына шығып, «Habemus Papam!» — «Бізде жаңа Папа бар!» — деген жариялау жасалады. Жаңа Папа халықты алғашқы рет жарылқап, өз қызметін бастайды.

Еске сала кетейік, 21 сәуір күні Рим Папасы Франциск 89 жасқа қараған шағында көз жұмды.

19 ақпан күні Рим Папасы Францискке екі жақты пневмония диагнозы қойылды.

Ватикан 24 ақпанда Рим Папасы Францисктің жағдайы ауыр екенін және ерте бүйрек жетіспеушілігі анықталғанын хабарлады. 88 жастағы понтифик басқа да асқынуларға ұласқан пневмониямен күресіп жатқаны айтылды.

Рим Папасы Францисктің емдеуші дәрігерлері оны жексенбіде Gemelli ауруханасынан шығаратынын хабарлады.

Пасха мейрамында Рим Папасы көпшілік алдына шықты.

Мемлекет басшысы Рим Папасы Францисктің қазасына байланысты көңіл айтты.

Соңғы жаңалықтар