Кенсары ханның Құраны, Иса пайғамбар кебінінің көшірмесі – Астанада діни жәдігерлер көрмесі ашылды

АСТАНА. KAZINFORM — Елордадағы Бейбітшілік және келісім сарайында Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің VIII Съезі аясында «Турин кебіні» және «Қасиетті кітаптар» атты халықаралық рухани-мәдени көрмелер өз жұмысын бастады. Аңыз бойынша Иса пайғамбардың мәйіті оралды делінетін «Турин кебінінің» дәлме-дәл көшірмесі Астанаға алғаш рет әкелінді.

Астанада діни жәдігерлер көрмесі ашылды
Фото: Ағыбай Аяпбергенов / Kazinform

Оған қоса, көрмеге Құран, Інжіл, Тәурат және будда сутралары секілді қасиетті жазбалардың түпнұсқалары мен көшірмелері қойылған.

Астанада діни жәдігерлер көрмесі ашылды
Фото: Ағыбай Аяпбергенов / Kazinform

Бұл халықаралық жобаны ұйымдастыруға ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі, Конфессияаралық және дінаралық диалогтың халықаралық орталығы, Қазақстандағы Православие шіркеуі, Астанадағы Рим-католик архиепархиясы, «Kirche in Not» ұйымы, Суверенді Мальта орденінің Германиядағы өкілдігі және ACN International Папалық қоры атсалысты.

«Турин Кебіні» көрмесі — христиан әлеміндегі ең бағалы жәдігерлердің бірі. Аңыз бойынша, шамамен 2000 жыл бұрын шегеленіп тұрған Иса Мәсіхті түсіріп алып, денесін осы матамен ораған. Аңыз бойынша, кебін Иерусалимнен Эдесса қаласына, содан кейін Константинопольге (қазіргі Ыстанбұл, Түркия), әрі қарай Афинаға да баруы мүмкін. Содан кейін Лирей мен Шамбериге сапарлап, ақырында Италияның Турин қаласынан пана тапқан.

Астанада діни жәдігерлер көрмесі ашылды
Фото: Ағыбай Аяпбергенов / Kazinform

— Яһуди дәстүрі бойынша марқұмды жерлеу кезінде оның денесін арнайы хош иісті майлармен майлап, кебінге орайтын болған. Ал Иса Мәсіх қайта тірілгенде жарықтың әсерінен матаның бетінде фотосуреттегідей адам бейнесі сіңіп қалған делінеді, — деді Астанадағы Успен кафедралды соборының кілтшісі Дмитрий Байдек.

«Турин кебінін» көбіне «бесінші Інжіл» деп те атайды және христиан әлеміндегі ең қымбат жәдігерлердің бірі саналады. Әсіресе 1898 жылы италиялық әуесқой фотограф Секондо Пиа кебінді фотоға түсіріп, негативін қарағанда ап-анық адам сұлбасын көріп, таң қалады. Бұл кебінді одан әрі танымал етіп, мистика мен жұмбаққа толы аңыздардың тарауына ықпал етті. Көптеген химиялық, сот-медициналық, ботаникалық зерттеулер өтсе де, кебінге қатысты жауапсыз қалған сұрақ көп. Тіпті ғылымда осы кебінді зерттейтін арнайы Синдология бағыты пайда болған. Ал Ватикан кебінге қатысты ресми ұстанымын айтқан жоқ.

Астанада діни жәдігерлер көрмесі ашылды
Фото: Ағыбай Аяпбергенов / Kazinform

Көрменің ашылу салтанатында ҚР Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева бұл көрме түрлі мәдениет пен дін өкілдері арасындағы диалог пен өзара түсіністіктің символына айналғанын, ол адамдарды ортақ рухани құндылықтар мен адамзаттың тарихи мұрасына деген құрмет төңірегінде біріктіретінін атап өтті. 

Астанада діни жәдігерлер көрмесі ашылды
Фото: Ағыбай Аяпбергенов / Kazinform

— Бұл көрме — алда өтетін ауқымды діндер съезіне дайындықтың маңызды бастамасы. «Турин кебіні» — жай ғана артефакт емес, ол ғасырлар бойы пікірталас, зерттеулер мен рухани толғаныс тудырып келе жатқан символ. Бұл көрме — жұмбақ пен сенімге толы жәдігерді көру мүмкіндігі ғана емес, адам болмысының тереңіне үңіліп, өмірдің мәні, сенім, кешірім мен үміт туралы ойлануға шақыратын рухани тәжірибе. Ал «Қасиетті кітаптар» көрмесінде түрлі діндер мен тарихи кезеңдерге тиесілі 50-ге жуық қасиетті мәтіндер мен сирек қолжазбалар қойылған. Экспонаттар ішінде VII ғасырдағы Құран, Кенесары ханның Құран кітабы, Тора мен Талмуд, Інжіл мен Евангелие кітаптар, буддистік шиырмалар мен символикалар және шағын діни кітаптар бар. Олардың әрқайсысы — әлемдік рухани мәдениеттің алтын қорына кіретін асыл мұра. Ал «Қасиетті кітаптар» көрмесі әлемдік діндердің қасиетті жазбалары арқылы әртүрлі діни дәстүрлердің рухани негіздерін көрсетуге бағытталды. Экспозицияда қасиетті жазбалардың және түрлі діндер мен тарихи дәуірлерге қатысты сирек кездесетін қолжазбалардың 50 данасы ұсынылды, — деді Ақпарат және мәдениет министрі.

Сонымен бірге, министр Астанада өтетін әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің сегізінші съезі Қазақстанның бейбітшілік, келісім және гуманизм идеяларына адалдығын айқын көрсететін маңызды халықаралық оқиғалардың бірі екенін айтты. 

Астанада діни жәдігерлер көрмесі ашылды
Фото: Ағыбай Аяпбергенов / Kazinform

— Қазақстанның конфессияаралық диалог саласындағы тәжірибесі халықаралық қауымдастық тарапынан үлкен қолдау тапты. Бұл қазіргі геосаяси ахуал тұрақсызданып, жер жаһанда соғыс пен қақтығыстар жиілеген кезеңде аса өзекті. Дінаралық диалог пен өзара құрмет ежелден елдер мен халықтар арасындағы тату қарым-қатынастың негізгі тетігі саналады. Астанадағы съезд — түрлі діндер мен ұлт өкілдерінің арасында мәдени сенім мен өзара құрметті қалыптастыруға ықпал ететін, заманауи өзекті мәселелерді ашық әрі сындарлы талқылауға мүмкіндік беретін бірегей алаңға айналды, — деді А. Балаева.

«Турин кебіні» және «Қасиетті кітаптар» көрмелері 1 тамыз бен 25 қыркүйек аралығында Бейбітшілік және келісім сарайында барлық келушіге қолжетімді болады. Қос көрменің басты мақсаты — әртүрлі діни конфессиялардың тарихи және рухани мұрасын кеңінен таныту арқылы қоғамда дінаралық түсіністік пен өзара құрметті нығайту, сондай-ақ көрмеге келушілердің рухани-танымдық көкжиегін кеңейту болмақ.

Астанада діни жәдігерлер көрмесі ашылды
Фото: Ағыбай Аяпбергенов / Kazinform
Астанада діни жәдігерлер көрмесі ашылды
Фото: Ағыбай Аяпбергенов / Kazinform
Астанада діни жәдігерлер көрмесі ашылды
Фото: Ағыбай Аяпбергенов / Kazinform
Астанада діни жәдігерлер көрмесі ашылды
Фото: Ағыбай Аяпбергенов / Kazinform
Астанада діни жәдігерлер көрмесі ашылды
Фото: Ағыбай Аяпбергенов / Kazinform
Астанада діни жәдігерлер көрмесі ашылды
Фото: Ағыбай Аяпбергенов / Kazinform
Астанада діни жәдігерлер көрмесі ашылды
Фото: Ағыбай Аяпбергенов / Kazinform
Астанада діни жәдігерлер көрмесі ашылды
Фото: Ағыбай Аяпбергенов / Kazinform

Айта кетейік, қыркүйек айында Астанада Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің VIII Съезі өтеді.

Соңғы жаңалықтар