Кентауда «Хизб-ут-Тахрир» экстремистік ұйымының мүшелері құрықталды
АСТАНА. KAZINFORM — Түркістан облысында елде зайырлы конституциялық құрылымды құлатып, «шариғат» нормаларын енгізуді мақсат еткен экстремистік ұйымның тобы жойылды. Бұл туралы Polisia.kz ресми сайты хабарлады.
ІІМ экстремизмге қарсы іс-қимыл жөніндегі бөлінісі Ұлттық қауіпсіздік комитетінің көмегімен Кентау қаласында «Хизб-ут-Тахрир» діни-экстремистік ұйымының жасырылған тобын жойды.
Бұл ұйымның идеологиясы елде зайырлы конституциялық құрылымды құлатып, «шариғат» нормаларын енгізуге бағытталған. Жедел-іздестіру іс-шаралары барысында топ мүшелерінің терроризм идеяларын насихаттау, сондай-ақ діни көзқарасты қорлау фактілері анықталды.
Топ мүшелері «Хизб-ут-Тахрир» шетелдік радикалды уағызшыларының дәрістерін алу және тарату үшін интернет-ресурстарды пайдаланған. Топ жетекшісі бұған дейін тыйым салынған діни-экстремистік ұйымның қызметіне қатысқаны үшін сотты болған.
«Жүргізілген шаралар нәтижесінде 10 күдікті ұсталды. Олардың тұрғылықты жерлерін тінту кезінде діни-экстремистік әдебиеттер мен басқа да заттай дәлелдемелер тәркіленді. Қазіргі уақытта терроризмді насихаттау және діни алауыздықты қоздыру белгілері бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр», — делінген хабарламада.
Бұған дейін Түркістан облысында экстремистік сипаттағы материалдарды таратқан күдікті ұсталғаны хабарланды.