Кентаудың жылыту маусымына дайындығы қалай

ТҮРКІСТАН. KAZINFORM - Қала тұрғындары үшін өзекті болып келген жылумен қамту мәселесі оңтайлы шешіліп жатыр. 

Кентаудың жылыту маусымына дайындығы қалай
Фото: Түркістан облысы әкімдігі

Былтыр №5 жылу-энерго орталығындағы алты қазандықты қайта жаңғыртуға қаржы бөлініп, оның бесеуінде жұмыстар толық аяқталды. Соның нәтижесінде Кентау қаласы 2024–2025 жылғы жылыту маусымында нормативке сәйкес жылумен қамтылды. Сондай-ақ №7 қазандықтың құрылыс-монтаждау жұмыстары да бітіп, алдағы маусымда ол 72 сағаттық сынақтан өткізіледі.

Кентау қаласы әкімдігінің мәліметінше, қазандықтарды қайта құрумен қатар, магистралдық және ішкі орамдық жылу желілерін кезең-кезеңімен жаңарту қолға алынып отыр. Атап айтқанда, №5 ЖЭО-ның №7–12 қазандықтары толық жаңғыртылып, олардың тозу деңгейі 87,2 пайыздан 25 пайызға дейін төмендеді. Бұл – тұрғындарды үздіксіз әрі сапалы жылумен қамтуға мүмкіндік береді.

Түркістан облысы әкімдігі
Фото: Түркістан облысы әкімдігі

Қаладағы жылу желілерінің жалпы ұзындығы 169 шақырымды құрайды. Оның ішінде магистралдық желілер – 38,1 шақырым, ал ішкі орамдық құбырлар – 130,9 шақырым. Өткен жылы магистралдық құбырдың 6,6 шақырымы ауыстырылса, биыл 14,5 шақырымын қайта құруға жобалық-сметалық құжаттама әзірленіп, құрылыс-монтаж жұмыстары басталды.

Сонымен бірге, ішкі орам желілерін кезең-кезеңімен жаңарту жоспары жүзеге асып жатыр. Бірінші кезеңде 22,2 шақырымды құрайтын жылу жүйесінің 6 шақырымы қайта жаңартылды. Ал екінші кезеңде 44,2 шақырымдық желіні ауыстыру көзделді. 

Еске сала кетейік, бұған дейін Премьер-министр жылу беру маусымына дайындығы төмен өңірлерді сынағанын жазған едік. 

Соңғы жаңалықтар