Кеудеден келер суда тұрып, бір өзі түнде 50 минаны залалсыздандырды – батырдың қызы
ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM – Солтүстік Қазақстан облысы Явленка елді мекеніндегі бір көшеге Боранбай Әбішевтің есімі берілген. Алайда көпшілік оның ерлігі туралы біле бермейді.

Өңір тұрғыны, ардагердің қызы Ғалия Әбішеваның айтуынша, әкесі соғысқа алынғанда 17 жаста ғана екен. 1942 жылы бозбала бір жас қостырып алып, өз еркімен майданға аттанады.

- Әкем соғысқа барғаннан Ленинград түбінде жаумен айқасты. Жеңісті Прагада қарсы алды. Соғыс біткенде жасы жиырмаға да толған жоқ еді. 1947 жылы ғана елге оралды. Анам Хадиша екеуі шаңырақ көтеріп, сегіз баланы, төрт ұл, төрт қызды өмірге әкелді. Зейнет демалысына шыққанға дейін ауыл шаруашылығында түрлі қызметтерді атқарды.
Ол кезде баламыз, соғыс жайында қазбалап сұрамадық. Он шақты орден-медалі бар: Қызыл Жұлдыз, ІІІ дәрежелі Даңқ, ІІ дәрежелі Отан соғысы, Ерлігі үшін - барлығы жауынгерлік наградалар. Не үшін алдың деп сұрағанда да, «соны қайтесің, балам» деп айтпайтын. Қарапайым болды, көп сөйлемейтін, - дейді ардагердің қызы.

Ал әкенің ерлік істері туралы отбасы тек он жыл бұрын ғана ойда-жоқта білген.
- 1985 жылы әкеміз дүниеден өтті. 2015 жылы Жеңістің 70 жылдығы қарсаңында Ғалияға облыстық қорғаныс істері департаментінен хабарласып, әкеңіз Ленинград маңында соғысқан, наградталғанымен, «За оборону Ленинграда» медалі берілмей қалған екен деп айтты. Кейін департаментте оның ерлігі жайында естіп-білдік.
Бұл бізге түрткі болды. Әкеміз зейнеткерлікке шыққаннан кейін оның қызығын көріп үлгермеді, 3-4 айдан кейін қайтыс болды. Сол кездегі Есіл ауданының әкіміне барып, әкеміз жайында баяндап, көшеге атын беруді сұрадық. Бірақ оған негіз керек қой, сондықтан ерлігін растайтын құжаттарын іздеп, Ресейдің Подольскідегі Қорғаныс министрлігінің архивінен барлығын таптық, - дейді ардагердің күйеу баласы Нұрмұханбет Қапаров.

Екінші Дүниежүзілік соғыстың ардагері Боранбай Әбішев Ленинград майданында 1943 жылға дейін 221 атқыштар полкінде атқыш, кейін 1945 жылға дейін Екінші Украина майданының 44 понтонды полкінің бөлімше командирі болды. 1945-1947 жылдары осы полктің 21-ші жеке батальонында борышын өтеді.

- Үйде жауынгерлік досы Шишановпен түскен фотосы бар. Жаңағы досы бір аптадан кейін снарядтың жарықшағынан көз алдында қаза тапқан екен. «Өзім жерледім» деп айтқаны есімде. Ал бірде, оны анам айтты, әкемнің жанында жарылған снаряд оны топырақпен көміп тастайды. Қасындағылар өлген шығар деп, қазып алуға асықпаған ғой. Бірақ әкем бойшаң, қолы қарулы жігіт болды, өздігінен шыққан екен. Арқасында тесік болатын, бала кезімізде үстіне мініп, сол тесікті шұқылап ойнаушы едік. Подольскінің архивінен алынған құжаттардан оның ерліктері туралы білдік, - дейді Ғалия Әбішева.
Мәселен Боранбай Әбішев Қызыл Жұлдыз орденімен бір түнде жалғыз өзі суда тұрып, 50 минаны залалсыздандырғаны үшін наградталған екен.

- Құжатта оқиғаның 12 қыркүйекте болғаны жазылған. Псков және Чудское көлдерін қосатын бұғазда салынып жатқан айлақты фашистер жоғарыдан бомбалап кетеді. Әкем түні бойы демалмастан су жолын миналардан тазартқан, - дейді Ғалия Әбішева.
Жеңістің 80 жылдығына орай туған-туыстары Боранбай Әбішевтің майданда ерлігі үшін полктың жауынгерлік туының алдында жалғыз және досы Шишановпен Румынияда, Дунай өзенін жаудан алғаннан кейін түскен фотосын облыстық тарихи-өлкетану музейіне сыйлап, ол көрмеге қойылды.
Бұған дейін Петропавлда «Ұлы Жеңістің қадамы» атты көрме ашылғанын жазған едік.