Кей өңірлерге арнайы мәртебе берерде нені ескерген жөн – сарапшы

АСТАНА. KAZINFORM − «Астана халықаралық университеті Жоғары құқық мектебінің профессоры Исидор Борчашвили Конституциялық реформа комиссиясының үшінші отырысында жекелеген өңірлерде арнайы құқықтық режимдер енгізу туралы бастаманы қолдады.

Исидор Борчашвили
Фото: видеодан алынған скрин

Оның айтуынша, заманауи жағдайларда мемлекеттер даму процесінде сараланған үлгілерді жылдан-жылға жиі қолданып келеді. Бұл инвестициялар, технологиялар және адами капитал үшін бәсекеге объективті жауап болып отыр.

− Мұндай сипаттағы кез келген шешім мемлекеттік құрылымның негіздеріне әсер ететіндіктен, олар тікелей конституциялық негізді талап етеді. Жекелеген өңірлерде арнайы құқықтық режимді белгілеу өзінің құқықтық табиғаты бойынша құқықтық реттеудің жалпы режимінен ерекше жағдай болып саналады, - деді И. Борчашвили елордада Конституциялық сот ғимаратында.

Профессор мұндай шешімдер еркін немесе жағдайға қарай қабылданбауға тиіс екенін, тек айқын конституциялық шектер болғанда ғана жол берілуі керектігін атап өтті.

− Мұнда конституциялық қағидаттардан бас тарту туралы сөз жоқ. Керісінше, ұсынылып отырған норма мұндай шешімдерді құқықтық кеңістіктің бірлігін сақтау, заң алдындағы теңдік қағидаты және азаматтардың конституциялық құқықтары мен бостандықтарын қамтамасыз ету талаптарымен тікелей байланыстырады. Бұл ретте теңдік ұғымы жағдайлардың формалды бірегейлігі ретінде емес, құқықтық айқындықтың, қорғалудың және ашықтықтың тең деңгейі ретінде түсіндіріледі, - деді И. Борчашвили.

Еске сала кетсек, Әділет министрі Ерлан Сәрсембаев жекелеген аумақтарға арнайы мәртебе беру мүмкіндігін Конституцияға енгізуді ұсынған еді.

Соңғы жаңалықтар
Референдум