Кейінгі он күнде Қызылордада өндірістегі жазатайым оқиғадан 2 жұмысшы көз жұмды

ҚЫЗЫЛОРДА. KAZINFORM - 25 мамыр күні Қызылорда жылу электр орталығының аумағында жұмысшы қаза тапты. Мұны Қызылорда облыстық полиция департаменті растады. 

жұмысшы өлімі
Фото: Алтыналмас АК

- Қызылорда қалалық полиция басқармасы абайсызда кісі өліміне әкеп соғу, еңбек қағидаларын бұзу дерегі бойынша тергеп-тексеруді бастады. Облыстық еңбек инспекциясына тиісті ұсыныс жолданды. Қылмыстық іс бойынша тергеу амалы қатаң бақылауға алынды, - деді департамент бастығының орынбасары Амангелді Досжанов.

Аталған ведомство Қылмыстық процессцуалдық кодекстің 201-бабына сәйкес өзге ақпарат жарияланбайтынын мәлімдеді. Сондықтан қайғылы жәйттің жай-жапсарын білу үшін ЕХӘҚМ Мемлекеттік еңбек инспекциясы комитетінің Қызылорда облысы бойынша департаментіне ресми сауал жолдадық. 

Департаменттің мәліметіне сүйенсек, оқиға 25 мамыр күні «Қызылорда жылу электр орталығы» МКК аумағында орналасқан қуаттылығы 220 кВт ашық тарату құрылғысын кеңейту кезінде болған. 

- Трансформатордың сыртқы қорабын манипулятормен жылжытып, ілгектерін ажыратып, жерге түсіру барысында трансформатордың сыртқы қорабы Ахмет Рамбердіге құлап, қайтыс болған. «BIB Electric» ЖШС-нің 28.05.2025 жылғы хатында серіктестік пен марқұм Ахмет Рамберді арасында еңбек шарты жасалмағаны, оның қысқа мерзім ішінде белгілі бір жұмысты атқару жөнінде ғана ауызша келісім негізінде жалдамалы жұмысшы ретінде жұмыс атқарғаны көрсетілген. Серіктестік басшылығы зардап шегушінің отбасына адамгершілік тұрғысынан 13 600 мың теңге көлемінде материалдық көмек көрсету мүмкіндігі қарастырылып жатқанын мәлімдеді, - деді департамент басшысы Бектемір Жұмағұлов.

Еңбек кодексінің 35-бабында көрсетілген еңбек қатынасын растайтын құжаттар серіктестік пен марқұм жұмысшы арасында реттелмеген. Азаматтық кодекстің 936-бабына сәйкес азаматтың шарттық міндеттемелерді, еңбек (қызмет), әскери қызмет міндеттерін орындауы кезінде өмірі мен денсаулығына келтірілген зиян, егер заң актілерінде немесе шартта көтеріңкі жауаптылық көзделмесе, осы тараудың ережесі бойынша өтеледі. 

- «BIB Electric» серіктестігі мен марқұм арасында нақты еңбек шартының жасалмауына байланысты және ол тек жалдамалы жұмысшы ретінде азаматтық шарттық міндеттеме бойынша жұмыс атқарғандықтан бұл мәселе азаматтық құқықтық тәртіппен шешіліп жатыр. Дегенмен екіжақты еңбек қатынасының нақты болған-болмағанын анықтау мақсатында мемлекеттік мекемелер мен құқық қорғау органдарына сұрау салып, анықтап жатырмыз, - деді департамент басшысы.

Айта кетейік, бұл — Қызылорда облысында мамыр айының соңғы онкүндігінде адам өлімімен аяқталған жұмыс кезіндегі екінші жазатайым оқиға. Оның бірі 21 мамырда Шиелі ауданында болған. 

- Сол күні сағат 13.30 шамасында «Жабдықтау» ЖШС-нің жалдамалы жұмысшысы, 1996 жылы туған Наурыз Бақыт Шиелі кентіндегі «Болашақ» дәрігерлік амбулаториясында күрделі жөндеу жұмысын жүргізу барысында тоққа түсіп, оқиға орнында көз жұмған. 29 мамырда Еңбек кодексінің талабына сәйкес тергеп-тексеру амалын жүргізетін комиссия құрылды, - делінген ведомство жауабында.

Комиссия заңда белгіленген мерзімде жұмыс істеп, тиісті шешім қабылдайды. 

Бұған дейін біз 2024 жылы өндірістегі жазатайым оқиғалардан 1 408 жұмысшы зардап шегіп, оның 202-сі қаза болғанын жазғанбыз. 

Соңғы жаңалықтар