КХДР алғашқы ядролық сүңгуір қайығының суреттерін жариялады
АСТАНА. KAZINFORM — Корея Халық Демократиялық Республикасының (КХДР) көшбасшысы Ким Чен Ын салынып жатқан ядролық сүңгуір қайықты жеке өзі тексерді, деп хабарлайды Yonhap.
Корея Орталық жаңалықтар агенттігінің (KCNA) хабарлауынша, тексеру барысында Солтүстік Корея көшбасшысы Оңтүстік Кореяның ядролық сүңгуір қайықтар салу жоспары аймақтағы «тұрақсыздықты ушықтыратынын» мәлімдеді.
— Біз жауымызға КХДР-ның стратегиялық егемендігін бұзудың төлемі ауыр болатынын, әскери нұсқаны таңдаған жағдайда аяусыз кек алатынын нақты айтуымыз керек, — деді ол.
Ким Чен Ын сонымен қатар Сеулдің ядролық сүңгуір қайық салу жоспары «қауіпсіздікке төнген қатер» екенін қоса айтты, КХДР мұны өзінің қауіпсіздігі мен теңіз егемендігін ауыр түрде бұзатын шабуыл әрекеті деп санайтынын атап өтті.
— КХДР мұндай мүмкіндіктерді көрсетуді жалғастырады және бұл тек шынайы ядролық тежеудің жауапты жаттығуы және егемендікті қорғаудың сенімді жолы, — деп атап өтті.
Солтүстік Корея көшбасшысы сонымен қатар елдің ядролық күші бейбіт орта мен абсолютті қауіпсіздікті тұрақты негізде қамтамасыз етуге бағытталғанын мәлімдеп, жаңа ядролық сүңгуір қайықты «соғыстың алдын алу деңгейіндегі дәуірлік және шешуші өзгеріс» деп атады.
Ол сондай-ақ «әртүрлі жерүсті және сүңгуір қайықтарының құрылыс қарқыны мен ауқымын арттыруға және кеңейтуге және оларды әртүрлі шабуылдаушы қару жүйелерімен үздіксіз жабдықтауға» уәде берді.
Тексеру барысында Ким Чен Ын әзірленіп жатқан жаңа құпия суасты қаруы зерттеулерін қарап, әскери-теңіз күштерін қайта құру және жаңа бөлімшелер құрудың стратегиялық жоспарын ұсынды.
Euronews арнасының хабарлауынша, қазан айында Трамппен болған саммит кезінде Оңтүстік Корея президенті Ли Чжэ Мён Америка Құрама Штаттарын Оңтүстік Кореяның ядролық сүңгуір қайықтарды сатып алу жөніндегі күш-жігерін қолдауға шақырды. Сол кезде АҚШ Оңтүстік Кореяға ядролық сүңгуір қайық жасауға мүмкіндік беретін технологияларымен бөлісуге дайын екенін мәлімдеді, бірақ оның қайда және қашан салынатыны әлі белгісіз.
Айта кетейік, бұған дейін КХДР алғаш рет континентаралық жаңа зымыранын көрсетті.