ҚХЛ: «Барыс» биылғы маусымда сырт айдындағы алғашқы жеңісіне жетті

АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстандық «Барыс» командасы бүгін, яғни 15 қарашада Құрлықтық хоккей лигасындағы кезекті ойынын Ресейде «Локомотив» (Ярославль) командасына қарсы өткізді.

ҚХЛ: «Барыс»
Фото: «Барыс» хоккей клубы

Ресейлік клуб — «Барыс» үшін қолайсыз қарсылас. Қазірге дейін командалар 32 мәрте шеберлік байқасты. Оның 10-ы елордалық команданың басымдығымен аяқталса, қалғанында ресейлік ұжым жеңіске жетті. Кейінгі бес кездесудің біреуінде қазақстандық клуб аталған қарсыласынан басым түсті. Оған қоса ярославльдік команда биылғы маусымды сәтті өткізіп келеді. Олар 38 ұпаймен 2-орында келеді.

Кездесу елордалық клуб үшін сәтті басталды. Ойынның 18-минутында олардың қатарынан Әлихан Өмірбеков мергендік танытты. 

Үшінші кезеңде олар басымдықты арттыра түсті. Алдымен Семён Симонов 46-минутта есепті үстемелей түссе, одан кейін Аңсар Шайхмедденов 50-минутта көздеген нысанадан мүлт кеткен жоқ.

Ойынның 54-минутта «Барыс» хоккейшісі Эмиль Галимов қорытынды есепті белгіледі. Осылайша қазақстандық клуб қарсыласынан 4:0 еесбімен басым түсіп, биылғы маусымда сырт алаңдағы алғашқы жеңісін тойлады.

Енді «Барыс» бұдан кейін тағы бір ойынын сырт айдында өткізіп, 17 қарашада «Сочимен» кездеседі.

Соңғы жаңалықтар