ҚХЛ: «Барыс» бүгін елордада «Адмирал» командасын қабылдайды
АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстандық «Барыс» командасы бүгін, яғни 29 қыркүйекте Құрлықтық хоккей лигасындағы кезекті ойынын елордада Ресейдің «Адмирал» (Владивосток) командасына қарсы өткізеді.

Кездесу Қазақстан уақытымен 19:20–да басталып, «Qazsport» телеарнасынан тікелей эфирде көрсетіледі.
Екі команда бұған дейін 35 мәрте кездескен. Оның 16-ы елордалық клубтың басымдығымен аяқталса, қалған ойында қарсылас команда жеңіске жеткен.
Кейінгі бес кездесудің үшеуінде қазақстандық клуб аталған қарсыласына есе жіберді.
Биыл «Барыс» жеті кездесудің үшеуінде басым түсіп, қалғанында жеңілістің ащы дәмін татты. Ал «Сибирь» жеті кездесудің төртеуінде қарсыласын қапы қалдырды.
Турнир кестесінде «Барыс» 9 ұпаймен 13 орынға жайғасса, «Адмирал» 8 ұпаймен 18 орынды місе тұтып тұр.
Енді елордалық клуб алдағы бір ойынын Астанада 1 қазанда «Локомотив» (Ярославль) командасына қарсы өткізеді.
Айта кетсек, биыл елордалық клубпен АҚШ хоккейшілері Иэн Маккош, Майкл Веккьоне, Райли Уолш, Тайс Томпсон, канадалық Джейк Масси, ресейлік Владимир Волков, Эмиль Галимов, қазақстандық Кирилл Панюков, Кирилл Савицкий, Батырлан Мұратов, Роман Старченко және өзге де ойыншылар келісімшартқа қол қойды.
Еске салсақ, бұдан бұрын «Барыс» тартысты ойында «Сибирь» командасын қапы қалдырды.