ҚХЛ: «Барыс» елордада «Адмиралға» есе жіберді
АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстандық «Барыс» командасы бүгін, яғни 23 қаңтарда Құрлықтық хоккей лигасындағы кезекті ойынын елордада Ресейдің «Адмирал» (Владивосток) командасына қарсы өткізді.

Елордалық команда бұған дейін қатарынан он бірінші мәрте жеңіліп қалған еді. Сондықтан турнир кестесінде соңғы 23-орынды місе тұтты.
Кездесу барысында қазақстандық команданың белсенділігі көрініп тұрды. Нәтижесінде 5-минутта Дінмұхамед Қайыржан мергендігімен көзге түсті.
Ойынның 29-минутында «Адмирал» сапынан Егор Петухов таразы басын теңестіріп кетті.
Ал қазақстандық клубтан Дамир Жафяров 35-минутында көзге түссе, ойынның бітуіне небәрі 48 секунд қалғанда Егор Петухов өзінің екінші шайбасын соқты.
Негізгі кезең 2:2 есебімен тең аяқталып, ойын овертаймға ұласты. Овертаймда жеңімпаз анықталған жоқ. Буллитте «Адмиралдың» жолы болды.
Осылайша елордалық клуб қарсыласына 2:3 есебімен есе жіберді.
Айта кетсек, елордалық клуб бұдан кейінгі тағы бір ойынын елордада өткізіп, 26 қаңтарда Ресейдің «Ак Барс» (Қазан) клубымен кездеседі.