ҚХЛ: «Барыс» елордада «Нефтехимик» командасымен кездеседі
АСТАНА. KAZINFORM - Қазақстандық «Барыс» командасы бүгін, яғни 3 қарашада Құрлықтық хоккей лигасындағы кезекті ойынын елордада Ресейдің «Нефтехимик» (Нижнекамск) командасына қарсы өткізеді.
Кездесу Қазақстан уақытымен 19:30-да басталып, «Qazsport» телеарнасынан тікелей эфирде көрсетіледі.
Қазірге дейін командалар 43 мәрте шеберлік байқасты. Оның 19-ы елордалық команданың басымдығымен аяқталса, қалғанында ресейлік ұжым жеңіске жетті.
Кейінгі бес кездесудің үшеуінде қазақстандық клуб аталған қарсыласынан басым түсті.
Турнир кестесінде «Барыс» 19 ұпаймен 17-орынға жайғасса, «Нефтехимик» 23 ұпаймен 13-орында келеді.
Қазақстандық клуб бұдан кейін төрт ойынын елордада өткізеді. Алдымен 5 қарашада Ресейдің «Салават Юлаев» (Уфа) командасымен ойнаса, 7 қарашада «Автомобилист» (Екатеринбург), 9 қарашада «Металлург» (Магнитогорск) клубтарымен шеберлік байқасады.
Еске салсақ, бұдан бұрын «Барыс» сапын америкалық хоккейші толықтырды.