ҚХЛ: «Барыс» мәскеулік «Динамо» командасынан басым түсті
АСТАНА. KAZINFORM - Қазақстандық «Барыс» командасы бүгін, яғни 15 қыркүйекте Құрлықтық хоккей лигасындағы кезекті ойынын елордада Ресейдің «Динамо» (Мәскеу) командасына қарсы өткізді.
Кездесу елордалық команда үшін сәтсіз басталды. Ойынның басталғанына небәрі 40-секунд өткенде ресейлік клубтан Макс Комтуаесеп ашып кетті. Бірінші кезеңде қазақстандық команда таразы басын теңестіре алған жоқ.

Екінші кезеңде «Барыс» сапынан Аңсар Шайхмедденов 24-минутта гол соқса, 37-минутта Вячеслав Колесников елордалық клубы алға шығарды.
Ал 47-минутта «Динамо» сапынан Никита Гусев мергендік танытса, қазақстандық командадан Майк Веккионе 50, 59, Әлихан Өмірбеков 56-минутта көздеген нысанадан мүлт кеткен жоқ.

Енді «Барыс» алдағы ойынын 18 қыркүйекте Ресейде «Металлург» (Магниогорск) командасына қарсы өткізеді.
Екі команда бұған дейін 35 мәрте кездескен. Оның 13-i елордалық клубтың басымдығымен аяқталса, қалған ойында қарсылас команда жеңіске жеткен.
Еске салсақ, бұдан бұрын қазақстандық команда елордада Ресейдің «Трактор» (4:3, овертайм), «Амур» (4:3, буллит) клубтарынан басым түссе, Беларусьтің «Динамосына» (1:3) есе жіберді.