ҚХЛ: «Барыс» овертаймда «Адмиралға» есе жіберді
АСТАНА. KAZINFORM - Қазақстандық «Барыс» командасы бүгін, яғни 4 ақпанда Құрлықтық хоккей лигасындағы кезекті ойынын елордада Ресейдің «Адмирал» (Владивосток) командасына қарсы өткізді.

Негізгі құрамның бірқатар хоккейшісі Қысқы Азия ойынарына Қазақстан ұлттық құрамасы сапында аттанып кеткен еді. Сондықтан елордалық клуб бапкерлері соңғы үш кездесуге негізінен жастарға үміт артты.
Бүгінгі ойын барысында ресейлік хоккейшілер қатарынан үш шайба соғып кетті. Оны Шейн Принс 4, Даниил Гутик 13, Егор Петухов 27-минутта еншілеріне жазды. Одан кейін қазақстандық клубтан Михаил Рахманов 28, Дінмұхамед Қайыржан 50, Иван Николишин 53-минутта мергендік танытты.
Негізгі кезең 3:3 есебімен тең аяқталып, ойын овертаймға ұласты.
Овертаймда «Адмирал» жеңіс голын голын соғып, кездесу ресейлік клубтың басымдығымен, яғни 4:3 есебімен аяқталды.
Айта кетсек, елордалық клуб бұдан кейінгі бес ойынын елордада өткізеді. Алдымен 13 ақпанда Ресейдің СКА (СанктПетербург) командасын қабылдаса, одан кейін 15 ақпанда «Лада» (Тольятти), 17 ақпанда «Металлург» (Магниогорск), 20 ақпанда «Северсталь» (Череповец), 22 ақпанда «Адмирал» (Владивосток) командасымен кездеседі.
Еске салсақ, бұдан бұрын «Барыс» елордада «Амур» командасына есе жіберген еді.