ҚХЛ: «Барыс» елордада ресейлік «Металлург» командасынан жеңілді
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Қазақстандық «Барыс» елордада құрлықтық хоккей лигасы плей-офф сатысында бүгін, 5 наурызда ресейлік «Металлург» (Магнитогорск) командасымен үшінші кездесуін өткізді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Кездесу барысында ресейлік хоккейшілер мүмкіндіктерін мүлт жіберген жоқ. Нәтижесінде олар қатарынан бес шайба соқты. Оны Семён Кошелев (2-минут), Павел Акользин (22-минут), Филипп Майе (24-минут), Григорий Дронов (35-минут), Максим Карпов (44-минут) өзінің еншісіне жазды.
Бұдан кейін «Барыс» сапынан Кёртис Валк (49-минут), Никита Михайлис (51-минут), Коди Куник (59-минут) үш шайбамен жауап қайырды.
Кездесуде «Барыс» қарсыласына 3:5 есебімен есе жіберді.
Еске салсаөқ, Магнитогорскіде өткен алғашқы кездесуде «Барыс» қарсыласынан 3:2 есебімен басым түссе, одан кейін 2:6 есебімен есе жіберді.
Екі команда бұған дейін плей-офф сатысында төрт мәрте жолықты. Оның екеуінде «Барыс» жарыс жалғастырса, екеуінде «Металлург» клубының жолы болды.