ҚХЛ: «Барыс» плей-оффтың алғашқы сатысына аса алған жоқ
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Қазақстандық «Барыс» құрлықтық хоккей лигасының плей-офф сатысында бүгін, 9 наурызда Ресейде «Металлург» (Магнитогорск) командасымен бесінші кездесуін өткізеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Бүгінгі кездесуде ресейлік команда алғашқы болып есеп ашты. Ойынның 16-минутында Семён Кошелев мергендік танытты. Ал 40-минутта қазақстандық командадан Кирилл Савицкий таразы басын теңестірген еді.
Одан кейін ресейлік Анатолий Никонцев 47-минутта гол соқса, 51-минутта Денис Зернов есепті ұлғайта түсті.
Осылайша «Барыс» қарсыласына 1:3 есебімен жол берді.
Жеңістер сериясында 4:1 есебімен жеңіске жеткен «Металлург» 1/4 финалға жолдама алды.
Екі команда бұған дейін плей-офф сатысында төрт мәрте жолықты. Оның екеуінде «Барыс» жарысты жалғастырса, екеуінде «Металлург» клубының жолы болды.
Қазірге дейін жарыстың аталған сатысына Ресейдің СКА, «Спартак», ЦСКА командалары шығып үлгерді.