ҚХЛ: «Барыс» ресейлік клубқа бес ойыннан кейін жеңілді
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Елордалық «Барыс» құрлықтық хоккей лигасындағы кезекті кездесуін бүгін Ресейде Екатеринбургтің «Автомобилист» командасына қарсы өткізді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Бүгінгі тартыста ресейлік команда ойын басынан есеп ашуға ұмтылды. Небәрі 1-минутта «Автомобилист» хоккейшісі Питер Холланд мергендік танытты. Ал 5-минутта олардың қатарынан Бруко Майсэк есепті үстемелей түсті.
Ойынның 13-минутында «Барыс» хоккейшісі Роман Старченко есеп айырмасын қысқартты. Ресейлік клуб сапынан Алексей Макеев 35-минутта гол соқты.
Үшінші кезеңнің 53-минутында елордалық хоккейші Якоб Лилья қарсыластар қақпасын дәл көздеді. Кездесуде «Автомобилист» 3:2 есебімен жеңіске жетті.
Естеріңізге сала кетелік, командалар бұған дейін 32 мәрте кездесті. Оның 22-і «Барыстың» жеңісімен аяқталса, қалғанында қарсыласына есе жіберді. Айта кетерлігі, соңғы бес ойында елордалық клуб жеңіске жетті.
Естеріңізге сала кетелік, «Барыс» бұдан бұрын ЦСКА командасын бес жылдан кейін жеңген болатын.